Басты Жаңалықтар Қонаевтың жаңа келбеті: Қапшағай жағасындағы қала қалай өзгерді?

Қонаевтың жаңа келбеті: Қапшағай жағасындағы қала қалай өзгерді?

Қонаев қаласы алдағы жылдары мүлдем жаңа келбетке ие болады. Алматы облысының әкімшілік орталығы ретінде шаһардың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, жаңа тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар мен демалыс аймақтарын дамыту көзделіп отыр. Қапшағай жағалауындағы қаланың болашағы қандай болмақ? Тілшіміз Қуан Нұрақын баяндайды.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қонаев қаласы соңғы төрт жылда еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлік орталықтардың біріне айналды. Осыған байланысты шаһардың бас жоспары қайта жаңартылып, қаланы дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Ендігі басымдық – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды күшейтуге беріледі. Мамандардың айтуынша, Қонаевтың дамуы 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарға негізделген. Алдағы уақытта жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, халық саны бірнеше есеге артады деп күтілуде.

Болат Мұсылманбеков, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Әкімшілік ғимараттар, департаменттің ғимараттары тиісті құжаттардың бәрін алып, бірінші бөлігі басталды. Екінші прокуратура, КНБ, облыстық сот, нацбанктің ғимараттары басталып та кетті.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан Қонаевтың басты артықшылығы – туризм әлеуеті. Сондықтан жаңартылған бас жоспар қаланы әкімшілік орталық ретінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі туристік және демалыс аймағына айналдыруды көздейді. Соңғы жылдары Қонаевқа келетін демалушылар саны тұрақты өсіп келеді. Былтыр қалаға 1,5 миллионнан аса турист келген. Ал биыл бұл көрсеткіш бұдан 2 миллионға жетеді деген болжам бар.

Сауалнама

-        Қазір мына жерді көріп қуанып отырмыз. Жағдайдың барлығы жасалған. Халыққа деп тегін қойылған. Маған қатты ұнады. Жалпы біз отбасымызбен Тараз қаласынан қыдырып келдік.
-        Қазір келіп орналасып, бала-шағамызбен, бауырларымыз келіп демалып жатырмыз. Өте керемет. Жақсы Қапшағай. Арнайы зонтиктарын беріп жатыр. Кушеткасын беріп жатыр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қазірдің өзінде қалада бірнеше әкімшілік нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңартылған жоспарға сәйкес, алдағы жылдары мектеп, аурухана, мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлер кезең-кезеңімен салынады. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы жетілдіріліп, туристік әлеуетті арттыруға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылады. Олардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы қатаң бақыланады.


Бөлісу