Басты Жаңалықтар Беларусьте «Ұлы мұра – ортақ болашақ» халықаралық форумы өтті

Беларусьте «Ұлы мұра – ортақ болашақ» халықаралық форумы өтті

Беларусьтің Брест қаласында Ұлы Отан соғысының басталғанына 85 жыл толуына орай «Ұлы мұра – ортақ болашақ» халықаралық форумы өтті. Тағылымды жиынға Беларусь, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Вьетнам, Сербия, Куба және өзге де елдердің парламенттік делегациялары мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды. Тарихтан белгілі, 1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германияның алғашқы соққысын дәл осы Брест қамалы қабылдаған еді. Бекіністі қорғаған жеті мың жауынгердің мыңға жуығы Қазақстаннан барған сарбаздар. Олардың басым бөлігі сол жерде ерлікпен қаза тапқан. Сапар аясында қазақстандық делегация «Қаһарман Брест қамалы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті. Сонымен қатар Брест қамалын қорғау музейіне қазақтың даңқты ұшқышы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың мүсіні сыйға тартылды.

Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
Тарихшылардың зерттеулері бойынша, Беларусьті азат ету үшін болған шайқастарға 120 мыңнан астам қазақстандық қатысқан. Олардың әрбір бесіншісі осы жерде жерленген. Беларусь жерінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін 84 қазақ жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Кеңес Одағының Батыры Қазбек Нұржанов пен Сүндетқали Есқалиевтің есімдері де Беларусь жерінде мәңгі құрметке бөленген. Біз қаза тапқан жерлес батырларымыздың есімін ардақтаған бауырлас беларусь халқына және ел басшылығына шын жүректен алғыс білдіреміз.


Бөлісу