Басты Жаңалықтар ӘЧ: Кабо-Верде тағы да сенсация жасады

ӘЧ: Кабо-Верде тағы да сенсация жасады

Кабо-Верде ешкімге есе жібергісі келмейді. Халқының саны миллионға да жетпейтін шағын елден шыққан аяқ доп шеберлері футбол сүйер қауымды тағы да таңдай қақтырды. Топтық кезеңнің бірінші айналымында Испаниямен тең тарқасқан жігіттер бұл жолы Уругваймен ұпай бөлісті. Майамидегі «Хард Рок» стадионында өткен H тобының кездесуі 2:2 есебімен аяқталды.

Айта кету керек, Кабо-Верденің қақпашысы футболдан тыс электрик болып жұмыс істейді. Өйткені жалақысы күнкөріске жетпейді екен. Испаниямен ойыннан кейін ол жанкүйерлер арасынан анасын көргісі келетінін жеткізген еді. Арманы орындалды, Возиньяның анасы қазір ұлының әр ойынын стадионнан тамашалап жүр. Тіпті ФИФА президенті Джанни Инфантино онымен арнайы кездесті.

Испания мен Сауд Арабиясының ойынын жанкүйерлер осылай суреттейді. Шынында да арабтар қызыл фурияға төтеп бере алмады. Қанша тырысса да Ламин Ямаль, Микель Оярсабаль және Марк Кукурелья қарсылас қақпасына жауапсыз 4 гол соқты.

Ал, Бельгия мен Иран құрамалары тең ойнады. Ойынның қызықсыз болғаны сонша Швеция құрамасының экс-шабуылшысы, әйгілі Златан Ибрагимович матч кезінде ұйықтап кеткенін жасырмады.

Златан Ибрагимович, Швеция құрамасының экс-шабуылшысы:

Бірінші таймда ұйықтап кете жаздадым. Ал матчтың екінші жартысында шынымен ұйықтап қалдым. Бұл матч туралы айтатын басқа ештеңе жоқ.

Жаңа Зеландия мен Мысырдың кездесуі қызығырақ болды. Ойында төрт гол соғылып, перғауындар елінің өкілдері 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл Мысыр құрамасының Әлем чемпионаттарындағы алғашқы жеңісі.

Жапония Тунисті аямады. Самурай елінің футболшылары қарсыластарын 4:0 есебімен жеңді. Ал, жарыстың фавориттері саналатын Нидерланды ойыншылары Швецияны тас-талқан етті. Есеп 5:1. Швецияның қос жұлдызы Александр Исак пен Дьокереш өздеріне артылған үмітті ақтай алмады.

Топтық кезеңнің ойындары әлі аяқталмады. Дегенмен қазірдің өзінде келесі кезеңге жолдама алып қойғандар бар. Олар Германия, Мексика және жарыс қожайындары АҚШ құрамасы. Ал, Гаити,

Тунис және Түркия құрамалары турнирді сәтсіз аяқтады. Енді олар елдеріне қайтады.

Арда Гюлер,Түркия құрамасының футболшысы:

Айтарға сөзім жоқ! Ұят жағдай, қатты өкінеміз. Біз өте мықты командаларда ойнаймыз, мұндай жағдай болмауы керек еді! Түрік халқынан кешірім сұраймыз! Келесі турнирлерде қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Топтық кезеңнің ойындары жалғасады. Бүгін 22:00 Аргентина және Аустрия құрамалары кездеседі. Ал, түнгі 02:00-де Франция мен Ирак ойнайды. Таңғы 05:00 Норвегия мен Сенегал құрамалары мықтыны анықтайды. Матчтарды Ұлттық арна мен «Qazsport» тікелей эфирден көрсетеді.


Бөлісу