Басты Жаңалықтар Орман алқаптарында күзет күшейтілді

Орман алқаптарында күзет күшейтілді

Павлодар облысында орман және дала өртінің алдын-алу жұмыстары күшейтілді. Себебі күн райы өте ыстық.  Өсімдікті былай қойып, суармалы алқаптардың өзі кеуіп барады. Оның үстіне табиғат аясында көлеңкелеп,  демалысқа барған адамдар өрттің тұтануына себеп болуда.

Өткен аптадан бері облыс аумағындағы орман, тоғай алқаптарын соқамен айналдыра жыртып, күзет күшейтіліп жатыр. Табиғат аясында ұжымдық демалыс ұйымдастыруға тиым салынды. Себебі, үш аптадан бері күн райы 30 градустан төмендеген жоқ. Ыстық қуырып барады.

Болат Аманбаев, тілші:

Өңірде 130 мың гектарға жуық алқап жасыл желек жамылған. Оның 90% орман. Бұл аумақтарды 250-ге жуық орманшы күзетеді.

Одан бөлек тұтанған өртті дер кезінде анықтайтын құрылғылар орнатылған. Солардың көмегімен биылдың өзінде  өрт қауіпсіздігі режесін сақтамаған 157 адам айыппұл арқалады.

Қайрат Шаймерденов, облыстық ТЖД Бастығының орынбасары:

«Ертіс орманы» резерватында, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, Павлодар орман шаруашылығы аумағында бейне камералар орнатылып, біздің бірегей диспетчерлік қызметіміз арқылы басқарылады. Соның арқасында жылдам әрекет жасауға мүмкіндік бар. Қазір рейдтерді жиі өткізуге мәжбүрміз. Өйткені, қазір жаңбыр жоқ, найзағай отынан емес, адамдардың салғырттығынан көп қауіп бар.

Облыс орталығына ең жақын Павлодар ауданында дала өрті жиі болып тұрады. Сәуір айынан бері 60-қа жуық шақырту болған.

Фархат Сыздықов, Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесі басшысының орынбасары:

Павлодарское ауылының қасында балалардың ата-анасын жауапкершілікке тарттық. Бір жерде балалар жай ойнап алау жаққан болса, екінші ретте мамық жағып осы маусым айының басында сол себептермен өрт пайда болды біздің аумақта. Жас балалар, оқушылар.

Маман да, техника да жеткілікті. Бірақ орман да, жер де кеуіп тұр. Сондықтан өрт шығу қаупі бар аумақтарда  дереу әрекет ету үшін қосымша сукөздері іздестіріліп жатыр. Ал өңірдегі ірі кәсіпорындарға өрт шыққан жағдайда электр желісі, газ және су құбырлары өтетін аумақтарды қорғау ерекше тапсырылды.

Бөлісу