Елде апта бойы 42 градусқа дейін ыстық болады
Осы апта бірнеше өңірде 42 градусқа дейін аптап ыстық болады. Қазгидрометтің мәліметінше, әсіресе, Алматы облысы, Қызылордада, Павлодарда ауа температурасы айтарлықтай көтеріледі. Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облысында сынап бағанасы 35-39 градус аралығында болады. Ал Түркістан, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында тіпті өрт шығуы мүмкін, дейді синоптиктер. Бұдан бөлек, таулы аймақтарда бұршақ жауады, солтүстікте ара-тұра жаңбыр жауады деген болжам бар.
Ардақ Қалменова, «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының бастығы:
Алайда 24 маусымнан бастап кезекті циклонмен ауа температурасының төмендеуі болжанады. Ол 3 күнге ғана жалғасады. Аптаның соңына қарай қайтадан солтүстікте және Астана қаласында ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы болжанады. Қазіргі аптап ыстық антициклонмен байланысты. Сонымен қатар Иран аумағынан жылжыған ауа массаларынан болып жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық қан қысымы жоғары науқастар мен жүкті әйелдер үшін қауіпті. Олар күндізгі уақытта, 11 мен 5 аралығында далаға шықпағаны дұрыс. Сондай-ақ көбірек су ішкен жөн. Киім таңдауға да мән беру керек, - дейді ақ халаттылар. Табиғи мақтадан жасалған, ауа өткізетін, ашық түсті әрі кеңдеу болса, денеге ультракүлгін сәулесі түспейді. Сондай-ақ көзілдірік, қолшатыр ала жүрген абзал. Бұдан бөлек, дәрігерлер кондиционерді мейлінше қолданбауға тырысу керек, дейді. Өйткені, аптап ыстықта одан келетін қауіп жаздың әдеттегі күндеріне қарағанда әлдеқайда жоғары екен.
Раушан Құлжабаева, дәрігер:
Кондиционер қолданғанда міндетті түрде оның ескертулері немесе қолдану шарттарына назар аудару керек. Яғни, минус 18-ден төмен түспегені дұрыс болады. Себебі, кондиционердің астында ұзақ уақыт отырып қалған кезде, ол радикулит, пневмания, тағы да басқа аурулардың көздерін шақыруы мүмкін. Сыртқа шығар кеде тағы да, егер де үйде ешкім қалмайтын жағдайда болса, онда терезелердің барлығын жауып, жалюзилерді түсіріп кеткен дұрыс. Ал кешке келген кезде, бөлмені желдетіп алған да өте жақсы болады.
Гүлсара Смайлова, дәрігер:
Кеңес ретінде айта аламыз, 38 градусқа дейін көтерілген жағдайда суды, минералдарды жиі қабылдау керек, көлеңкеде жүру керек. Науқастарға сонымен қоса алкогольді өнімдерді ыстық кезде қолданбауына тырысу керек. Ол асқыну процестеріне, ағзаға тиімсіз әсерге алып келуі мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы