Басты Жаңалықтар Бельгиялық университеттермен стратегиялық келісімдерге қол қойылды

Бельгиялық университеттермен стратегиялық келісімдерге қол қойылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға мемлекеттік сапары аясында корольдіктің екі университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімге сәйкес қос тарап бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми топтар құру, академиялық ұтқырлықты арттыру, кадрларды даярлау бойынша ынтымақты күшейтпек. Екі ғасырдан астам тарихы бар Гент университетімен ынтымақтастық математикалық модельдеу, ғылыми есептеулер және жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге бағытталады. Ал әлемдегі 50 үздік оқу орны рейтингісінде 46-орында тұрған Левен католик университетімен серіктестік инженерлік оқыту, технологияларды коммерцияландыру және ғылыми әзірлемелерді индустрияландыру бойынша нығаяды. Сондай-ақ бельгиялық университет сирек кездесетін металдарды тазартып, өңдеп, оны жоғары технологиялық өнімге айналдыру бойынша тәжірибесімен бөліспек.

Стефан Ваес, KU Leuven университетінің вице-ректоры:

KU Leuven университеті Қазақстанда зерттеу, инновациялық хаб құруға ниетті. Осы арқылы біздің зерттеушілеріміз қазақстандық тау-кен инженерлерінен, тау-кен саласындағы зерттеушілерден көп нәрсені үйренер еді. Біз маңызды шикізатты өндіруде, тау-кен өндіруден кейінгі кезеңнің бәрінде өз тәжірибемізді ұсына аламыз. Бұл екі ел үшін жемісті серіктестік болары сөзсіз.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

Гент университетімен ынтымақтастықты дамыту, «Айна зертханасын құру туралы меморандумға қол қойылды. 20-дан астам постдокторант осы университетте білім алып, Қазақстанға оралды. Біз Гент университетімен бірлесіп, осы мамандармен әртүрлі тақырыптарда зерттеулер жүргізіп, Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы аясында зертхананы іске қосу үшін жұмыс істеуді жалғастырамыз.
Бөлісу