Басты Жаңалықтар Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 45,1 млрд доллардан асты

Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 45,1 млрд доллардан асты

Қазақстан Еуропа Одағы елдеріне мұнай жеткізу көлемі жағынан алғашқы үштікке кіреді. Ал замануи технологияға аса қажет 34 металлдың 21-і елімізде бар. Демек қойнауы қазынаға толы Қазақстан қарт құрлықпен қарым-қатынасын ұзақ мерзімде нығайтуға мүдделі. Былтыр одақ елдерімен өзара тауар айналымы 45,1 млрд доллардан асты. Ендігі меже – логистикалық тізбекті әртараптандырып, тауар көлемін арттыру.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
450 млн халқы бар Еуропалық одақтың қақпасы һәм саяси астанасы - Брюссель. Мұнда одаққа мүше 27 мемлекеттің саяси, экономикалық, қауіпсіздік мәселелері талқыланатын Еуропалық комиссия, Еуропалық кеңес секілді негізгі институттар мен НАТО-ның штаб пәтері орналасқан. Соның бірі міне менің артымда тұрған - Еуропалық кеңестің кеңсесі. Қарт құрлықтың Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуда маңызы зор. Себебі, елімізде осы одақ елдерінің замануи өнеркәсіп секторына аса қажет 34 металдың 21-і бар. Мұнай жеткізуші елдердің үштігіндеміз. Одан бөлек Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында инвестиция, инфрақұрылымды дамыту, мәдениет, спорт және туризм бойынша 30-ға жуық салада ымыра бар.
Нұрлан Нышанбаевғ саясаттанушы:
Қазақстан инвест климаттың жақсы аймағында қалыптасты. Себебі, геосаяси тұрғыдан тұрақты. Мен ойлаймын, Қазақстан үшін Еуропалық инвесторлар тек өндіріс саласында ғана емес ғылым, білім, бизнес, ЖИ саласына көптеп тарту керек. Сол кезде байланыс тұрақты және үдемелі болады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы былтыр 27,6%-ға өсіп, 583 млн долларға жуықтады. Оның басым бөлігі бізден жөнелтілген. Тауардың дені зығыр тұқымы, бидай, молибден кендері мен концентраттары, титан, ферроқорытпалар, машиналар мен көлік жабдықтары. Ал Бельгия бізге мұнай өнімдері, қазандықтар жабдықтары, тракторлар, дəрілік препараттар, жылу өңдеу жабдықтары мен жемістер импорттайды.
Сағит Бәкіров, саясаттанушы:
Бүгінде Еуропаның қазақстанға деген қызығушылығы тек, энергетика немесе шикізат ресурстарымен шектелмейді. Соңғы келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастық, шикізат, логистика және визалық режимді жеңілдету мәселелерін талқылады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Әлемдегі геосаяси ахуал, түрлі текетірестер көлік бағыттарының стратегиялық маңызын күшейтті. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Еуразия кеңістігінде тұрақты әрі қауіпсіз платформа деп бағаланып отыр.
Кейт О’Риордан, Брюссельдегі геосаясат институтының зерттеушісі:
Қазіргі уақытта Еуропа үшін «Орта дәліз» геосаяси тұрғыдан маңызы артып келе жатқан бағыт. Сондықтан Еуропа Одағы Global Gateway бағдарламасы аясында транскаспий бағыты бойынша ынтымақтастықты кеңейткісі келеді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қос тарап авиация, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы секілді бірқатар салалар бойынша байланысты нығайтуға ниетті. Мемлекет басшысының сапары аясында Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жоспарланған. Сондай-ақ Президент Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен және ірі еуропалық компания жетекшілерінің кездесіп, қос тараптың мүмкіндіктері талқыланбақ.

Бөлісу