Қазақстан Ауғанстанға 319 тонна гуманитарлық көмек жіберді
40 жылдан бері қарулы қақтығыстан әбден қажыған Ауғанстанға Қазақстан тағы да қол ұшын созды. Бұл жолы жалпы салмағы 319 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жөнелтті. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған делегация Кабулға арнайы іскерлік сапармен барды. Әріптесім Ернұр Медет те, сол топтың құрамында болып, үш күн бойы таулы өлкенің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Ауған жұрты – төзімді халық. Тағдыр тәлкегіне түсіп, талай тар жолды бастан өткерді. Бүгінде бұл ел әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі саналады. Көшеде қару ұстаған және қайыр тілеген адам көп. Бүлдіршіндер ас-сусыз күнелтіп жүр. БҰҰ дерегіне сәйкес, 40 миллионнан астам халықтың 75 пайызы гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Сондықтан Қазақстаннан жіберілген қолдау керуенінде азық түліктен бөлек, 1,8 тоннадан астам дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар бар. Сондай-ақ 100 орындық шатырлар, төсек-орын жабдықтары мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар да жеткізілген.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
Еліміз жіберген гуманитарлық көмектің кезекті легі тек қолдау көрсету емес, сонымен қатар ынтымақтастық, құрмет пен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бүгін бізбен бірге қазақстандық медициналық ұйымдардан жетекші тоғыз маман – педиатр, гастроэнтеролог, хирург, травматолог және басқа да дәрігерлер келді. Адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауда олар үшін нақты шекара жоқ. Осылайша, біз былтыр басталған медициналық миссияны жалғастырып жатырмыз.
Таулы өлкенің тұрғындары табиғатынан саудаға жақын. Базарда тіршілік қайнап тұр. Сонымен қатар қолөнер жақсы дамыған әрі жоғары бағаланады. Кабул маңындағы кілем фабрикаларының өнімдері бүгінде әлемдік нарыққа жол тартқан. Мұндағы әйелдердің еңбегі ерен. Көрінбей, көзге ілінбей кішкентай ғана қараңғы цехта жұмыс істейді. Түрлі түсті жіптерді тоқып, өрнекті өмірге айналдырып отырған шеберлердің шыдамдылығы таңғалдырады.
Мұхаммад Дауд, кілем фабрикасының директоры:
Бір күнде қолмен тоқылған кілем небәрі 5 сантиметрге ғана ұзарады. Жыл сайын фабрикада мың шаршы метрге жуық кілем тоқылады. Өнімдеріміз Еуропа елдеріне, АҚШ-қа және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады. Ауғанстанда шағын кілем шеберханалары көп болғанымен, біздікіндей ірі кәсіпорындар аз. Қазір фабрика жұмысына екі мыңға жуық адам тартылған. Олардың бір бөлігі осы орталықта еңбек етсе, қалғандары елдің әртүрлі өңірлерінде жұмыс істейді.
Тарихы терең, өзіндік болмыс-бітімі бар елді бірнеше күнде толық тану мүмкін емес, әрине. Дегенмен әуежайдан шыққан бойда көзге түсетіні көліктің көптігі және көлік жүргізу мәдениетінің жоқтығы. Мұнда белгі, бағдаршам, камера деген атымен жоқ. Бейберекет жүйткіген жүргізушілер абайламасаңыз қағып кетуі мүмкін.
Қарулы қақтығыстар қалдырған жараның бір күнде жазылмайтыны белгілі. Дегенмен ел енді ғана тұрақтылыққа бетбұрып келеді. Алғашында бәрі оғаш, таңсық. Ауғанстанда өмір сүрудің өз ережесі бар. Тек ол біз үйренген тәртіпке мүлде ұқсамайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы