Ауыр атлетикадан ел біріншілігі Қармақшыда өтіп жатыр
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты алғаш рет ауылдық жерде өтіп жатыр. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына еліміздің 14 өңірінен 300-ге жуық жас зілтеміршілер келіп, өзара сынға түсуде.
Ел біріншілігі қыздар және ұлдар арасында өтіп жатыр. Жүлде үшін бәсеке жоғары. Себебі, әр салмақта оннан аса қатысушы бар. Жас спортшылар зілтемір көтеруде ептілік танытып, күтпеген салмақтарды еңсеріп жатыр. Қазір «Қазақ ауыр атлетикасы жаңа кезеңге қадам басты», - дейді мамандар.
Руслан Сергеев, ҚР Чемпионатының бас төрешісі:
Ауыр атлетикадан алғаш рет Қазақстан чемпионаты ауылдық жерде яғни, Қармақшы ауданында өтіп жатыр. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Біз бұл біріншілікте жасөспірімдердің аяқ алысын көреміз. Өсіп келе жатқан таланттар көп. Сол қуантады. Бұл Қазақстанда ауыр атлетиканың болашағы жарқын екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары талабы таудай толағайлардың дені ауылдан шығып жатыр. Әсіресе Қармақшы ауданында ауыр атлетикаға жастардың қызығушылығы жоғары. Ауыл мақтанышы Ерасыл Сәулебеков жастар арасында Әлем және Азия чемпионы атанып, бүгінде болашағынан зор үміт күтіп отырған спортшы.
Ерасыл Сәулебеков, жастар арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионы:
Бірінші жастар арасында Азия чемпионаты өтеді Ташкент қаласында. Одан кейін күзде әлем біріншілігі өтеді Қытайда. Ол ересектер арасында. Соған дұрыстап дайындалып, жақсы нәтиже көрсетіп сол жақа қатысуға тырысамыз.
12 мен 14 жас аралығындағы зілтеміршілер осы чемпионат аясында іріктеліп, Қазақстан жастар құрамасы бапкерлерінің назарында болады. Сондықтан, жас спортшылар жеңіс үшін жұлқынып, көздері жанып тұр.
Алпамыс Сәрсенов, ҚР Чемпионатың жеңімпазы:
4 жыл болды қатысқаныма. Жақсы дайындықпен келдім. Жақсы өтті. Жұлқадан 56 көтердім, серпеден 65 көтердім. Сонымен чемпион болдым. Менің мақсатым әлем чемпионатын ұту. Олимпиадаға барғым келеді.
Ауыр атлетика тарихында алғаш рет аудан төрінде өтіп жатқан ел біріншілігінде топ жарған жас толағайлар үлкен спортқа жол салмақ. Ал тартысқа толы ел чемпионаты 23-і маусымға дейін жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы