Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына қысқаша шолу

Ел жаңалықтарына қысқаша шолу

Түркістан

Елімізде үшемдер ең көп туатын аймақ – Түркістан облысы. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, егіздер саны бойынша аймақта қаңтар-сәуір айларында 263 егіз дүниеге келген. Одан кейін Алматы қаласы және Алматы облысы тұр. Толығырақ тілші тарқатады.

Биыл қаңтар-сәуір айларында елімізде 1926 егіз және 54 үшем дүниеге келген.  Үшемдер бойынша Түркістан облысы, Атырау облысы және Шымкент қаласы алда – әр өңірде 3 үшемнен дүниеге келген.

ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 28-ге жетті.Тарбағатай ауданындағы Қамысты ауылы тұрғындары алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ауыл халқы алкогольден бас тарту денсаулықты нығайтуға, жауапкершілікті арттыруға және балалар мен жастарды тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасауға ықпал ететіндігін жеткізді.

Абай облысы

Абай облысындағы Үржар ауылында ерекше балаларға арналған оңалту орталығының ғимараты қолданысқа берілді. Нысанды салуға қазынадан  469 миллион теңге бөлінген. Заманауи қос қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары үш жылдың ішінде толық аяқталған. Енді әлеуметтік нысан Мақаншы және Үржар ауданындағы денсаулығында кінарат  бар балаларға қызмет көрсететін болады.
Павлодар
Павлодарда жаңа ипподром ашылды. Сала мамандарының айтуынша жаңа атшабар халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда мың көрерменге арналған екі трибуна, 20 орынды атқора және жаттығу алаңдары қарастырылған. Ені 20 метр, ұзындығы 2000 метрге созылған негізгі жарыс жолы заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етілген.


Бөлісу