Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысын қабылдады

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысын қабылдады

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёеваның сапары Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз.
Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады. Ал, Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты

Саида Мирзиёева, Өзбекстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы:

Сізге Өзбекстан Президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын айрықша бақылауда ұстайды. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Өзбекстан бүгінде бауырлас Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан - сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз.
Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанда қолға алынған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасу өтті.

Бөлісу