Басты Жаңалықтар Жылына 70 мың тонна шикізат өңдейтін кәсіпорын ашылды

Жылына 70 мың тонна шикізат өңдейтін кәсіпорын ашылды

Алматы облысында жаңа өндіріс іске қосылды. Зауыт жылына 70 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеп, 13 мың тоннадан астам дайын өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге ALPECON GROUP жаңа өндіріс кешенінің алғашқы бөлігі жұмысын бастады. Жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін бермек.

Бұл – еліміздегі жеміс-жидек пен көкөністен езбе және паста өндіретін алғашқы жоғары технологиялық кәсіпорын. Жобаның алғашқы кезеңіне 9,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Қазір зауытта екі өндірістік желі жұмыс істеп тұр. Болашақта мұнда жеміс сақтау қоймалары, сұрыптау орталықтары, логистикалық инфрақұрылым және ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Сонымен қатар өндіріс алаңында пектин шығаратын жаңа кешеннің құрылысы басталды.

Самат Балабеков, «Alpecon Group» компаниясының бас директоры:

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіп дамыту, шикізатты толық өңдеу, экспорттаң әлеуетін көтеру деген ойды дамытып, осы зауытты ашып отырмыз. Бұл жерде 180 адам жұмыс істейді. Жылына 70 мыңнан астам шикізат өнім өндіреміз деп отырмыз. Біз бұл өнімнің барлығын экспорттаймыз. 6 мың тоннасы Түркияға, 1000 тонна Қытайға жібереміз деп келісімшарт жасап қойдық.

Жобаның стратегиялық серіктесі, Түркияның жеміс шырынын өндірудегі жетекші компанияларының бірі – Göknur Gıda. Тараптар он жылдық экспорттық келісімшарт пен технология трансфері туралы келісімге қол қойды.

Осман Асанали, «Göknur Gida» зауытының ресми өкілі:

Бұл зауытта күніне 800 тонна өнім өндіру жоспарланған. Осы ретте шаруалар үшін жеміс-жидекті тұрақты өткізу нарығы қалыптасады. Зауыттың арқасында Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік туады деп ойлаймын.

Жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытып, шикізаттық емес экспорт үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне ықпал етеді, дейді мамандар.

Бөлісу