Басты Жаңалықтар Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр

Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр

Алматылық кәсіпкер Президентке алғыс айтып, хат жолдады. Ерсен Дүйсенбаев бизнестің алға жылжуына сенім, табанды еңбекпен қатар, қолайлы орта да маңызды екенін айтады. Кейіпкеріміздің еңбек жолы қарапайым қызметтен басталған. Бүгінде ол өз ісін дамытып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған кәсіпкерлердің біріне айналды.

Ерсен Дүйсенбаев 10 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келеді. Еңбек жолын қарапайым қызметкер болып бастаған азамат бүгінде өз кәсібін қалыптастырып, мемлекеттік сатып алулар арқылы бірнеше бағытта жұмыс істеп отыр. Айтуынша, бизнес өкілдеріне жасалып жатқан мемлекеттік қолдау мен цифрлық мүмкіндіктер бизнестің дамуына жаңа серпін берген.

Ерсен Дүйсенбаев, кәсіпкер:
Жалпы Президентімізге алғысымды айтқым келіп отыр. Себебі 2025 жылғы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі реформа жеке өзіме үлкен жеңістер ашты. Бұл жерде мен мемлекеттің кәсіпкерлерге арналған жүйесін, өзім инструмент ретінде еркін қолданамын. Және соған кеңес беремін.

Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жаңашылдықтар бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік берген. Ашықтық пен цифрландырудың арқасында бизнес өкілдері еліміздің әр өңірінде жұмыс істеуге жол ашылғанын айтады. Бір терезе қағидаты, электронды қызметтер және рәсімдердің жеңілдеуі кәсіп бастағысы келетін азаматтарға уақыт үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.

Ерсен Дүйсенбаев, кәсіпкер:
Біз қазір бір ғана қалада, аумақта емес, Қазақстанның кез келген жағында жұмыс жасап жүрміз. Батыс, Шығыс, Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Алматы облысы, кез келген қалада жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жақтың өзінің дедлайн уақытында отчеттарын беріп отырсаң болды. Жұмысыңды көрсетіп, налогыңды төлеп, рұқсат қағаздарды уақытымен алып отырсаңыз, кәсібіңіз жүре береді.

Мемлекет басшысы да кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарға өз ісін бастауға жағдай жасау мәселесін үнемі көтеріп келеді. Соңғы жылдары бизнесті қолдау бағытында әкімшілік кедергілерді азайту, тексерулерді оңтайландыру және кәсіпкерлерге арналған түрлі салықтық жеңілдіктер енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде азаматтардың бизнеспен жаппай айналысуына мән беріліп, оған барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ мұндай шара бүгінгі таңда аздық етеді. Үкімет кәсіпкерлікті дамыту ісінде енді, ең алдымен, сапаға айрықша көңіл бөлуі керек.

Ерсен Дүйсенбаевтың айтуынша, кәсіптегі басты қағида – берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану. Талаптарды уақытында орындап, сапалы жұмыс істеген кәсіпкер үшін жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік бар.

Бөлісу