Артық салмағы бар балалар көбейіп барады
Маңғыстауда артық салмақ пен семіздікке шалдыққан балалар саны көбейіп келеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңірде 200-ге жуық адамнан семіздік анықталса, оның 70-тен астамы - балалар мен жасөспірімдер. Мамандар ата-аналарды бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырады. Себебі артық салмақ кейін денсаулыққа кері әсер етіп, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әкелуі мүмкін. Мәселенің мән-жайын Аягөз Оралбайқызы зерттеп көрді.
Ақтаулық Азамат Сәрсенбаевтың ұлы 5-сыныпты бітірді. Жеткіншек артық салмақтың қиындықтарын бала кезінен сезінген. Мектепте қатарластарының келемежіне тап болып, өзіне деген сенімі төмендеген. Осыны байқаған әкесі баланы спортқа баулыды. Қазір ол аптасына үш рет бокс үйірмесіне барып, дұрыс тамақтануға да мән беріп жүр.
Азамат Сәрсенбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:
Мектептен келетін еді булить етеді мені, осылай кластастарым сөйлетін еді мазақтайды деп. Арықтасын, өзіне деген сенімі артсын деп баламды боксқа беріп бастадым. 6 ай болды, бала боксына барып жүр, балдармен достасты. 6 айдың ішінде 7-8 г салмақ тастады.
Ақтау қалалық №2 емханасында жыл басынан бері 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер скринингтік тексеруден өткен. Нәтижесінде 135 баладан артық салмақ пен семіздік анықталды.
Альбина Айтбағанбетова, қалалық №2 емхананың педиатр-кеңесшісі:
Артық салмақпен мысалы, 300 бала өтетін болса, соның ішінде 47 баласы белгісіз артық салмақтық диагнозы қойылды. Ал 88 балаға артық салмақ дигнозы қойылды. Біз үшін қуантарлық жағдай емес, Балаларда да, ересектерде де кездеседі. Көбейіп бара жатқаны байқалады.
Облыс бойынша да көрсеткіш жоғары. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 189 адамнан семіздік анықталса, соның 78-і балалар мен жасөспірімдер. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 16 жағдайға көп. Осыған орай аймақта балалардың денсаулығы мен тамақтануын бақылау үшін мектептерге арнайы жоба енгізіліп жатыр.
Мәдина Рахметова, облыстық Санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
Ол жоба – «Саламатты мектеп» жобасы. Маңғыстау облысындағы мектептердің 65 пайызын осы жобаға енгізіп үлгердік. Соның ішінде балалар арасындағы семіздіктің алдын алу кең көлемде қарастырылған. Яғни бұл бірінші семіздік ең бірінші отбасынан басталады. Содан кейінгі ары қарай мектеп қабырғасындағы тамақтанумен үйлесіп жатады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегіп отыр. Учаскелік дәрігерлер соңғы бес жылда балалар арасында семіздікке байланысты шағымдардың көбейгенін айтады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр елде «Семіздік» диагнозымен 3 мыңнан астам бала тіркелген. Ал Астана қаласында 5-6 сынып оқушылары арасында жүргізілген мониторинг нәтижесінде балалардың 50 пайызы фастфуд пен тәтті газдалған сусындарды жиі тұтынатыны анықталған. Мамандар семіздіктің негізгі себептері ретінде дұрыс тамақтанбау, фастфуд өнімдерін шамадан тыс тұтыну және қимыл-қозғалыстың аздығын атап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы