Басты Жаңалықтар Қазақстан бейбіт 50 елдің қатарында

Қазақстан бейбіт 50 елдің қатарында

Қазақстан әлемдегі бейбіт 50 елдің қатарына енді. Экономика және бейбітшілік институты жаһандық бейбітшілік рейтингісін жариялады. Онда еліміз 44-орынға тұрақтады. Сарапшылар жаңа рейтингті құру барысында 163 елді 23 критерий бойынша бағалаған. Қылмыс деңгейі, ішкі қақтығыстар, азаматтардың қауіпсіздігі және милитаризация ескерілді. Былтыр Қазақстан жаһандық бейбітшілік рейтингінде 56-орынды иеленген болатын. 

Бір жыл бойы ереже бұзбаған.

Алматы жүргізушілерінің жартысынан астамы бір жыл бойы ереже бұзбаған. Sergek интеллектуалды көлік жүйесінің деректеріне сәйкес, Алматыдағы жүргізушілердің 55,6%-ы бір жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бірде-бір рет бұзбаған. Зерттеу барысында жүргізушілердің Алматыдағы ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріндегі тәртібі ескерілді. Жол қозғалысы ережелерін бұзбай ең көп қашықтық жүріп өткен жүргізушілерге құрмет көрсетілді.

Цифрлық кітапханаларға сұраныс артты.

Елімізде цифрлық кітапханаға сұраныс артты. Қашықтан пайдаланушылар 300 мың адамға жетсе, электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 890 мыңды құрады. Осы кезеңде электронды кітапхана қорына екі жарым мың цифрлық көшірме енгізіліп, 500-ге жуық құжат өңдеуден өткізілді және мыңдаған бет сканерленді. Қазіргі таңда Ұлттық электронды кітапхананың жалпы қорында 86 мыңнан аса құжат бар. Оның ішінде цифрландырылған 10 мыңнан астам қолжазба мен сирек кітап сақталған. Электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады.

2 млн 800 мыңнан аса көрермен театрға барған.

Елімізде театрға баратындар саны артып келеді. Биылдың өзінде маусым басталғалы театр сахналарында драма, опера, балет, музыкалық комедия, балалар мен жасөспірімдерге арналған спектакльдерді қамтыған жүздеген премьера өтті. Жалпы, мемлекеттік театрларда 16 мыңнан астам спектакль мен мәдени бағдарлама көрсетілді. Оларды 2 млн 800 мыңнан аса көрермен тамашалады. Театрлардың мәртебесін арттырумен қатар, мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінде елімізде  59 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Театр саласында 8,1 мыңнан астам адам еңбек етеді.


 


Бөлісу