«Қазақмыс» ЖШС әлеуметтік салаға 26 млрд теңге инвестиция салады
Еліміздегі алпауыт компаниялардың бірі «Қазақмыс» Ұлытау облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 26 млрд теңгеден астам инвестиция салады. Қазірдің өзінде әбден тозығы жеткен әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмыстары басталған. Одан бөлек, аймақта қызметі тұралап қалған ірі фабрикалардың тамырына қан жүгіріп, мыңдаған жұмыс орны ашылмақ.
Жезқазған мыс қорыту зауытында жаңа күкіртқышқыл цехының құрылысы басталады. Себебі 50 жылдан бері қолданыстағы цех әбден тозған. Экологиялық талапқа сай келмейді. «Ал жаңадан салынатын нысан ауаға тарайтын зиянды газдың көлемін айтарлықтай төмендетеді», - дейді мамандар. Өңірге арнайы келген «Қазақмыс корпорациясының» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев сапар аясында осы және өзге де бірқатар өнеркәсіп орындары мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралады.
Компания үшін үлкен жетістіктің бірі мазуттан табиғи газға көшу болды. Сондай-ақ күкірт қышқыл цехының жобасы. Қазіргі қолданыстағы технолония ескірген. Жаңа жоба құны 200 миллион доллар. Осы арқылы ауаға тарайтын қалдық көлемі азайып, өнім қуаттылығы артады.
Жезқазған кен байыту фабрикасы жылына 21 млн тонна кен өңдеп, 150 мың тонна мыс концентратын өндіреді. Кәсіпорын мыс кендерін ұсақтау, майдалау және өнімді флотациялауға бейім. Соңғы 5 айда «Қазақмыс корпорациясы» 155 мың тонна мыс өндіріп, 1%-дық өсімге қол жеткізді. Министр Ерсайын Нағаспаев жыл соңына дейін кемінде 6% өсімді еңсеру қажеттігін атап өтті.
Марғұлан Әбдікеров, Кен байыту фабрикасының цех басшысы:
Жаңғырту жұмыстары фабрикамыз үшін өте маңызды. Сапа артып, аз көлемдегі кеннен құнарлы мыс қалдығын алып шығу артады. Осы арқылы қалдықсыз жұмыс істеу, адамдардың еңбегін жеңілдету, автоматтандыру – мақсатымыз.
Делегация облыс орталығында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жатқан «Жастар» саябағы мен Серке Қожамқұлов атындағы театрдағы қауырт жұмысты да көрді. Іргетасы өткен ғасырдың ортасында қаланған мәдени нысан бастан-аяқ жөнделіп, заманауи құралдармен жабдықталады. Сондай-ақ, Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыру жұмыстары да жүргізлуде. «Қазақмыс» корпорациясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аталған 3 нысанның құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарына 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
Нұртас Кәріпбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:
Алпауыт өңірімізде жұмыс жасап жатқан компаниялар бар. Елімізге, өңірімізге осындай жобаларды жасап, сол арқылы жұмыс орнын беріп отыр. Бұдан біздің экономикаға өзінің көмегі бар. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган көмегімен шағын және орта бизнеске де көмегі бар. Бұл дегеніміз экономиканың жүйесіне өте маңызды. Осындай жобаларды әрқашан қолдап кәсіпкерлермен бірге жұмыс жасаймыз.
Өнеркісіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жезқазған өндірістік алаңын жаңартуды, инфрақұрылым нысандарындағы құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Жалпы Ұлытау облысына жыл басынан бері 96 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы