Басты Жаңалықтар 7 жылда 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды

7 жылда 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды

Денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымы толық жаңғыртылуы тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметке осындай міндет жүктеді. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, саланы дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Жиында дәрігерлердің мәртебесін арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейтудың маңыздылығы да айтылды. Толығырақ Оңғар Алпысбайұлы.

Күн-түн демей адам өмірі үшін күресетін жандар. Олар – ел саулығының күзетіндегі ақ халаттылар. Бүгін сол кәсіп иелері құрмет төрінде. Президент ұлт саулығы мемлекет үшін басты құндылық екенін айтып, медицина саласындағы нақты нәтижелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды.

Медицина саласының дамуы ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Әсіресе, ауыл аймақтағы дәрігерлер үшін қолдау маңызды.

Жапырақ Епенова, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы «Облыстық перинаталдық орталық» МКК директоры:

Мемлекет қолдауының арқасында перинаталдық орталықтардың жасақталуы 100 пайызға жақын. Бұл жерде ең бастысы адами фактор. Дәрігерлердің оқу дәрежесін көтеруі. Жан-жақты тәжірибе алмасуы.

Биыл медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 33 млрд теңге бөлінді

Сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау соңғы үш жылда жеті есе артқан. Биыл медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 33 миллиард теңге бөлінді. Ауылдық жерлерде еңбек ететін дәрігерлерге ерекше жағдай жасалып жатыр. Былтыр 530 маманға 4 жарым миллиард теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді.

Салада оң өзгеріс жетерлік. Мамандардың айтуынша, бүгінгі мүмкіндіктер мен бұрынғы медицина арасында айырмашылық үлкен.

Рахат Байқошқарова, денсаулық сақтау саласының ардагері:

Қазіргімен оны салыстыруға болмайды. Қазіргі технология, қазіргі үкіметтің қаншама қаражат салғаны салыстыруға келмейді деп айтуға болады.

Диагностика жасау уақыты 4 есе қысқарды

Медицинадағы тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Президент заманауи технологиялар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, диагноз қою сапасын арттырып жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты. Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысында аса ауыр жағдайда ауруханаға түскен төрт жасар баланың өмірін сақтап қалған дәрігерлердің ерлігін ерекше атап өтті. Бүгін Арғын Бидайбаев та құрметке бөленді.

Арғын Бидайбаев, Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы «Теміртау қаласының көпбейінді ауруханасы» КМК директоры:

Әрине ол жағдай есімде. Кішкентай бала көпқабатты үйден құлаған. Бас миы шайқалған, іш құрылысы зақымданып,қолы бірнеше жерден сынған. Көп дәрігер жұмыс істедік. Травматологтар, хирург, рениматолог және басқаларымыз шұғыл әрекет еттік. Қазір баланың жағдайы жақсы.

Жетекші медициналық оқу орындары ғылым орталықтарына айналады

Медициналық білім беру жүйесін дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Жетекші медициналық оқу орындары ғылым мен жоғары технология орталығына айналмақ. Президент «Астана медицина университетіне» Ұлттық университет мәртебесін беру ұсынысын қолдады. Сондай-ақ оқу орнына көрнекті ғалым, медицина ғылымының дамуына үлес қосқан Төрегелді Шармановтың есімін беру бастамасын орынды деп атады. Ал Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған Петр Поспеловтің есімін берілетін болды.

Үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Салтанатты жиын барысында Президент үздік медицина қызметкерлеріне мемлекеттік награда тапсырды.

Айгүл Төлепбергенова, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ бөлім бастығы:

Бүкіл әріптестерімді осы кәсіби мерекмен құттықтаймын. Дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін. Отанымыз аман болсын.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ақ халатқа деген адалдық жәй ғана мамандық емес. Бұл адам өміріне деген жауапкершілік. Бүгін сол жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген мамандарға құрмет көрсетілді. Алайда олар үшін диплом да, төсбелгі де бастысы емес. Олар үшін ең маңыздысы сауығып шыққан адамдардың шынайы алғысы, алаңдаған отбасы мен халықтың ризашылығы.


Бөлісу