Басты Жаңалықтар Президент ТМҰ елдерінің жоғары сот басшыларымен кездесті

Президент ТМҰ елдерінің жоғары сот басшыларымен кездесті

Президент Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғары сот басшыларымен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы бауырлас елдердің ынтымағын нығайтуда ұйымның рөлі айырқша екенін айтты. Соңғы жылдары сот және құқық қорғау салаларындағы өзара ықпалдастық күшейген. Түркістанда өтетін Жоғарғы соттардың екінші конференциясы осы байланысты одан әрі тереңдетпек. Кездесуде сот жүйесін цифрландыру, инвесторлардың құқықтарын қорғау және құқықтық саланы дамыту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар туралы ақпарат беріп, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енетін айтты. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ цифрлық кеңістіктегі жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау мәселелері қамтылған. Президент Конституциялық реформаларды іске асыру үшін бірқатар заңға өзгерістер енгізілгенін де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жыл өткен сайын әлемдік бәсеке күшеюде. Қазір көптеген елдер жаһандық технологиялық өзгерістер көшінен қалып қоймау үшін заман талабына қарай қарқынды даму жолына түсуде. Осы бағытта біз де күш-жігер біріктіріп, жұмыла әрекет етуіміз керек. Ертең Түркістанда өтетін конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер қаралады. Мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті деп айтуға болады. Осы мәселелер бойынша пікір алмасу біздің ұйымның одан әрі дамуына және оның беделінің күшеюіне үлкен серпін берері сөзсіз.


Бөлісу