Басты Жаңалықтар Алматыда отбасы құндылығына арналған форум өтті

Алматыда отбасы құндылығына арналған форум өтті

«Тәрбие басы – әке қолында» тақырыбында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен отбасы құндылықтары мен әке тәрбиесінің маңызын насихаттауға арналған форум өтті. Отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты. Қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен педагогтер әке тәрбиесінің рөлі, отбасы институтын нығайту және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Форумға жиналғандар бала тәрбиесіндегі әкенің орны тек отбасының материалдық қажеттілігін қамтамасыз етумен шектелмейтінін айтты. Мамандардың пікірінше, әке – отбасының тірегі, ал оның өнегесі баланың болашақ тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді.

Исмаил Нұрислам, ұйымдастырушы:
Әке мен баланың қазіргі қоғамдағы рөлі қалай болуы керек. Әке деген ұйым, отбасылық құндылықтар арқылы баланы тәрбиелеу негізгі мақсат болып саналады. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса. Өйткені бұл маңызды болып саналады. Үлесі зор.

Форумда сөз алған сарапшылардың айтуынша, қазіргі қоғамда балаларға ақыл айтудан бұрын, оларға дұрыс үлгі көрсету маңызды. Өйткені бала ең алдымен ата-анасының іс-әрекетіне қарап өседі.

Ерлан Әбдірұлы, «Идеал жігіт» кітабының авторы:

«Балам, сен жаман адам болма» деп айтуың мүмкін. Өте оңай​. Ауызбен орақ орып, оны тіліңмен баурай беру өте оңай. Бірақ өзің іс жүзінде әдепті адам болып, өзің мәдениетті адам болып, өзің сол жігіт деген, ер азамат деген атқа лайықты болмайтын болсаң үйіңдегі балаң бәрібір сенің айтқаныңды емес, сенің істеп жүргеніңді алады дағы көргенін үйренеді.
Форум аясында панельдік пікірталастар ұйымдастырылып, қатысушылар әке институтын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Мамандар мұндай кездесулер қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтып, жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етеді дейді.


Бөлісу