Басты Жаңалықтар Дауыл салдары: Көлік шығынын кім өтейді?

Дауыл салдары: Көлік шығынын кім өтейді?

Алматыда болған қатты дауылдан кейін ондаған көлікке ағаштар мен ірі бұтақтар құлап, материалдық шығын келді. Мұндай жағдайда көлік иесі қандай әрекет жасауы керек? Алдымен кімге хабарласу керек? Тілшіміз айтсын...

Қуан Нұрақын , тілші:

Бірінші кезекте оқиға орнын жан-жақты фото және видеоға түсіріп алу қажет. Құлаған ағашты, көліктің зақымданған бөліктерін, мемлекеттік нөмірін, мекенжайды және айналадағы жағдайды тіркеген жөн. Мүмкіндігінше түсірілімнің күні мен уақытын сақтап қойған дұрыс. Көлікті полиция келгенге дейін орнынан жылжытуға болмайды. Құқық қорғау органдары оқиғаны тіркеп, тиісті құжаттарды рәсімдеуі тиіс.

Келесі маңызды мәселе – ағаштың кімнің қарамағында болғанын анықтау. Егер ағаш тұрғын үйге жақын аумақта өссе, жауапкершілік көбіне ПИК, МИБ немесе басқарушы компанияға жүктеледі. Ал қоғамдық аумақтағы ағаштар үшін аудан әкімдігі немесе жасыл желектерге жауапты мекемеге хабарласқан жөн.

Егер көлік КАСКО сақтандыруымен қамтылған болса, бірден сақтандыру компаниясының нөмірін теру керек. Ал сақтандыру болмаса, шығын көлемін тәуелсіз сарапшы арқылы бағалатып, эвакуация мен жөндеу шығындарын растайтын барлық құжатты жинау қажет.

Жауапты ұйым анықталғаннан кейін оған сотқа дейінгі талап-арыз жолданады. Оған фото-видеоматериалдар, полиция құжаттары және шығынды бағалау қорытындысы қоса беріледі. Егер өтемақы төлеуден бас тартылса, азамат сотқа жүгінуге құқылы. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай істер бойынша көлік иелері өз құқықтарын сот арқылы қорғай алады.

Мамандардың айтуынша, апатты жағдайда тұрған ағаштарды байқасаңыз, аудан әкімдігіне немесе төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген жөн. Бұл болашақтағы шығынның алдын алуға көмектеседі.


Бөлісу