Басты Жаңалықтар Елімізде судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Елімізде судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында 18 жастағы жас жігіт суға түсуге тыйым салынған жерде шомылып, көз жұмды. Соңғы бір айда өңірде 5 жасөспірім суға батып кеткен. Ал Қостанайда ағыс алып кеткен атасы мен немересінің денесі үшінші күні табылды. Өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Осылайша құтқарушылар таңнан кешке дейін аптап ыстықта судан сая іздеген тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Осындай арнайы техникамен рейдке шығады. Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алуға сеп болады.

Айтып ауыз жиғанша, құтқарушылар өзеннің тік жартасты жағалауында үш жасөспірімнің шомылып жүргенін байқады. Бұл жерде суға түсуге тыйым салынған. Соған қарамастан, ойын баласы алаңсыз жүр.

Мамырдың 16-сынан бергі тура бір айда 6 адам суға батып, көз жұмған. Өкінішке қарай, олардың бесеуі – бала. Қайғылы жағдайлардың дені шомылуға рұқсат етілмеген, арнайы құралдармен жабдықталмаған жағалауда болады.

Жанболат Жаншин, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Облыс тұрғындарынан, қонақтарынан сұрайтыным: белгіленген жерге суға түсіңіздер, балаларды қараусыз жібермеңіздер. Қатер аяқ астында. Күш-құралымыз жеткілікті. Күніне 10-ға жуық топ шығады. Батальонымыз бар. Полиция департаментінен, жергілікті атқарушы органнан қызметкерлер шығады.

Аймақта суға шомылу үшін 14 жер белгіленген. Мұндай жағажайларда қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады.

Исабек Дәулеткерей, оқушы:

Суға түсуге тыйым салынған жерлерге шомылмау керек. Ережені сақтау керек. Ал мына жерде түсуге болады. Құтқарушылар да бар. Осы жерге шомылуға кеңес беремін. Су өте жылы. Керемет.

Шомылу маусымы басталғалы елімізде 29 адам суға кетіп, ажал құшқан. Олардың 16-сы – бала. Ал құтқарушылар өзен бойымен жаяу жүріп те тұрғындарға ескерту жасайды. Су айдындарында қауіпсіздік ережесін бұзған не орындамағандарға 7 айлық есептік көрсеткіш, яғни 27 734 теңге айыппұл салынады.


Бөлісу