Басты Жаңалықтар Борышкерлерге арналған жаңа платформа іске қосылады

Борышкерлерге арналған жаңа платформа іске қосылады

Елімізде бірнеше банктен несие алып, қарызын төлей алмай жүрген азаматтар үшін жаңа мүмкіндік пайда болады. Келесі айдың 12-сінен бастап проблемалық несиелерді реттеуге арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Жаңа жүйе арқылы бірнеше несие бір төлем кестесіне біріктіріледі. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік осал топтар үшін ай сайынғы төлем 90 мың теңгеден аспайды. Жаңа тетік қалай жұмыс істейді? Әріптесім Әйгерім Ердәулет тарқатады.

Шілденің 12-нен бастап іске қосылатын платформаны тек тұтынушылық несие алған азаматтар пайдалана алады. Яғни ипотека немесе автонесие бұл жүйеге кірмейді. Бірнеше банк пен микроқаржы ұйымынан қарыз алған азаматтардың берешегі біріктіріліп, бір ғана төлем кестесі жасалады. Платформа коллекторлық ұйымдарға өтіп кеткен қарыздарды да есепке алады. Қосымша құжат жинаудың қажеті жоқ, азаматтар өтінімді онлайн түрде жолдайды. Әрбір өтініш жеке қаралып, борышкердің қаржылық жағдайына сәйкес төлем кестесі жасалады.

Назар Рақымов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының заң бойынша басқарушы директоры:

Басты мақсат азаматтардың қарыз жүктемесін азайту. Ай сайынғы төлем көлемі шамамен 120 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал әлеуметтік осал топтар үшін бұл көрсеткіш 90 мың теңге шамасында болады. Әр адамның қаржылық жағдайы жеке қаралады. Қарызды өтеу мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін созылуы мүмкін.

Жаңа платформа бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есепке алынбайды. Алайда негізгі қарыз бен банктің пайыздық мөлшерлемесі сақталады. Платформаға өткен азаматтар берешегін толық өтегенге дейін жаңа несие рәсімдей алмайды. Сондай-ақ өтініш сотқа дейінгі кезеңде берілуі тиіс. Ал бағдарламаға қатысушылар несие тарихы бойынша қара тізімге енгізілмейді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

Егер де адам ауырып қалса, бір келеңсіз жағдайға түссе, сондай жағдайларда несиелерін кейінгі балаларына, әйеліне қалдырмастан, кешіріп жіберу деген нәрсе бар. Біздің банктер оны істейді. Ал микроқаржы ұйымдарында ол жоқ. Мәселен, 10 несие берсе, пайызы жоғары болғаннан кейін 7-8-і қайтса да оларға пайда. Қалған екеуін коллектор береді де өмір бойы соттасып жүре береді. Осы нәрсе тоқтау үшін мына қаржылық омбудсмен шығарылған. Халық пен қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттырсақ, нәтижеге жетеміз.

Мамандардың айтуынша, платформаға өтініш берушілер төлем қабілеттілігін растауы тиіс. Дегенмен, табысты міндетті түрде соңғы алты ай бойы үздіксіз көрсету талабы қойылмауы мүмкін. Сондай-ақ алдағы уақытта несиесін уақытылы төлеп жүргендерге осы платформаны пайдалануға мүмкіндік берілуі ықтимал. 


Бөлісу