Әлем жаңалықтарына шолу
Трамп Ресей мұнайына қарсы санкцияларды қайта енгізуі мүмкін
АҚШ Ресей мұнайына қарсы санкцияларды қалпына келтіруі мүмкін. Мұны Дональд Трамп Францияның Эвиан қаласында өтіп жатқан «Үлкен жетілік» саммитінде мәлімдеді. Трамп әкімшілігі Ресейдің энергетикалық шикізатын Иран соғысы басталғаннан кейін санкциядан босатты. Ормұз бұғазы ашылып, мұнай тасымалы қайта басталайын деп жатқандықтан, бұл шектеу алынып тасталмақ.
Молдова мен Украинаны Еуропа Одағына қосу туралы келіссөздер басталды
Еуропалық Одақ Украина мен Молдованы қауымдастыққа қабылдау бойынша келіссөздердің бірінші кезеңін ресми түрде бастады. Алдағы бірнеше айда бұл үрдісті тездету көзделген. "Негіздер" деп аталатын бірінші кезеңге заң үстемдігі, демократиялық институттардың жұмыс істеуі, мемлекеттік басқаруды реформалау және экономикалық критерийлер кіреді. Қос мемлекеттің Еуроодаққа кіру жолы 33 тарауға бөлінген 6 келіссөз кезеңінен тұрады.
Үндістанда telegram мессенджеріне уақытша тыйым салынды
Үндістан үкіметі Telegram мессенджерін уақытша бұғаттау туралы шешім қабылдады. Мақсат – маусымның 21-де медициналық жоғары оқу орындарына қайта өтетін жалпыұлттық емтиханда көшіруге жол бермеу. Айта кетсек, мамырдың 3-де ұйымдастырылған сынақта билет жауаптары сыртқа тарап кетіп, бұл оқиға елде жаппай наразылық шерулерінің басталуына түрткі болды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Өткен айдағы келеңсіздікке жол берді деген күдікпен оннан астам адам қамауға алынған.
Конгода Эбола вирусын жұқтырғандар саны 800-ден асты
Конго демократиялық республикасында эбола жұқтырғандар
саны 837-ге жетті. Қауіпті індеттен 196 адам қаза тапқан. Денсаулық сақтау
саласының өкілдері вирустың тоқтамай тарап жатқанын ескертіп отыр. Соңғы
деректерге сай, Конгода эболадан 49 адам айықса, 376 адам карантинге жабылған.
Бундибугьо штамынан белең алған вирусқа қарсы қандай да бір ем немесе вакцина әзірге
ойлап табылған жоқ.
Аптап ыстыққа байланысты егін ору науқаны ерте басталды
Словакия фермерлері астық оруды әдеттегіден ерте бастады. Бұған ауа-райының ыстық және құрғақ болуы себеп. Наурызда астық мол жиналады деген үміт басым еді. Алайда сәуір, мамыр айларында небәрі 20 милиметр жауын жауған. Оның үстіне алдағы күндері елді аптап ыстық күтіп тұр. Егін қурап кетпеуі үшін шаруалар астықты маусымның ортасында жинап алуға мәжбүр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы