Басты Жаңалықтар Атыраулық ғалым жатыр трансплантациясының жолын зерттеуде

Атыраулық ғалым жатыр трансплантациясының жолын зерттеуде

Атыраулық ғалым бала көтеру мүмкіндігіген айырылған әйелдерге көмектесу үшін Оксфорд университетінде тың зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр. Мәселе жатыр трансплантациясы хақында. Әлемнің озық оқу орынында тегін білім алып жатқан Әселжан Сарбалина бұдан бөлек екі бірдей грант жеңіп алып, ғылыми ізденістерін елде жалғастыруды жоспарлап отыр. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтасын.

Марина Бекенова, тілші:
Бұл – Оксфорд университетінің зертханасы. Дәл осы жерде Әселжан жатыр трансплантациясы тақырыбын  егжей-тегжейлі зерттеп жүр. Оның ғылыми жұмысы болашақта бедеулікті жеңуге мүмкіндік береді деген зор үміт бар.
Әселжан Атырау облысы Құлсары қаласының тумасы. Астанадағы медицина университетін қызыл дипломмен тәмамдап, акушер-гинеколог болып жұмыс істеген. Ғалым ауруханада кезекшілікте жүріп, жатырынан айырылған бірнеше әйелдің қайғы-қасіретінің куәсі болғанын айтады.
Әселжан Сарбалина, ғалым:
1-2 эпизод болды. Әйел адам жатырсыз, өкінішке орай, жатырсыз үйіне қайтып бара жатқаны. Өйткені инфекция болды. Сол кезде бір пациенткамның біреуі сұраған еді: жатырды неге трансплантация жасамайды деп.
Жатыр салынған жағдайда әйел ағзасы оны жатсынуы мүмкін. Ғалымның мақсаты – мәселенің оңынан шешілуіне жағдай жасап, науқас әйелдердің бала көтеруіне мүмкіндік беру. Сол себепті Әселжан тақырыпқағтереңінен үңіліп, алдымен Назарбаев университетінде магистратурада, қазір Оксфордта докторантурада оқып жүр. 
Карл Уолтон, Оксфорд университетінің профессоры:
Әселжан біз үшін өте құнды маман. Егер оның зерттеуі сәтті жүзеге асса, болашақта көптеген науқас жанының арашашысы болар едік.
Вэй Чжан, Оксфорд университетінің аға ғылыми қызметкері:
Ол жасушалық иммунология саласында терең білім алды. Әселжанның Қазақстанның денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосатынына сенемін. 
Ғалым 2 грант ұтып алған. Біріншісін Халықаралық трансплантация қауымдастығы берген. Әселжан отандық дәрігерлермен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінен шағын ғылыми грант ұтып алды. Оның пайымынша, нәтижеге жету үшін кемінде 15 жылдай уақыт қажет. Ал ғылыми жаңалық ашылған жағдайда оның пайдасын еліміз ғана емес, бүкіл әлем көрері сөзсіз. 


Бөлісу