Жеке деректерді таратып келген халықаралық арна жойылды
Қазақстан мен Чехия полициясы еліміз бен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық арнаны жойды. Жедел-іздестіру жұмыстары күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехияның Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жүргізілді. Нәтижесінде заңсыз қызметтің дәлелі болатын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар мен қолма-қол ақша тәркіленді. Күдіктілер Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. Олар қылмыстық схеманы үйлестірушісінен бастап, жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдайтын, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындаған. Заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған.
Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бірреттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы