Басты Жаңалықтар Ұлыбританияда балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу қойылады

Ұлыбританияда балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу қойылады

Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салмақ. Жаңа ережелер танымал платформаларды түгел қамтуы мүмкін. Шектеулер қашан күшіне енеді және оған қоғамның көзқарасы қандай? Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтасын.

Жаңа ереже 2027 жылдың көктемінде күшіне еніп, TikTok, YouTube, Instagram және Facebook секілді әлеуметтік желілерді шектейді. 16 жасқа толмағандарға сондай-ақ онлайн ойын ойнауға, тікелей эфир жүргізуге және бейтаныс адамдармен желіде сөйлесуге рұқсат бермейді. Бірақ WhatsApp сияқты хат алмасу қосымшаларын пайдалануға тыйым салынбайды.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

Біз дені сау ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Кішкентайларымыздың балалық шағы бақытты әрі мазмұнды болуы тиіс.

Шешім қабылданбас бұрын билік халықпен ақылдасқан. Сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 83 пайыздан астамы әлеуметтік желілердің пайдасынан гөрі қаупі басым екенін айтқан. Жасөспірімдер болса, екіұдай пікірде. Бірі бұл үкімет араласатын іс емес десе, енді бірі миды улайтын контенттен шаршағандарын айтады.

Али Раза, оқушы:

Ата-анам телефонға көп телміресің деп үнемі ұрсады. Әсіресе, көзім үшін алаңдайды. Әлеуметтік желілердің кесірінен көру қабілетім нашарлады. 

Джоэлль Азебазе, оқушы:

Қазір балалар далаға шығып ойнамайды, жастанып алып, TikTok қарайды. Меніңше, бұл адамның психикалық денсаулығына қатты әсер етеді.

Жарты жыл бұрын Австралияда дәл осындай шектеулер енгізілген болатын.

Марина Бекенова, тілші:

Бірақ соңғы сауалнамаларға сәйкес, оқушылар нақты неше жаста екенін жасырып, заңды сырт айналып өтудің жолдарын тапса керек. Ата-аналардың 70 пайыздан астамы балаларының платформаларды әлі де пайдаланып жүргенін хабарлаған.


Бөлісу