Басты Жаңалықтар Жүрекке жасалатын тегін операциялар саны 7,2% артқан

Жүрекке жасалатын тегін операциялар саны 7,2% артқан

Жалпы, елімізде жүрекке жасалатын күрделі операциялардың саны артып келеді. Соңғы жылдары мұндай тегін ота 7 пайызға көбейген. Мамандардың айтуынша, бүгінде жүрек ауруларын ерте анықтап, дер кезінде емдеуге мүмкіндік бар. Соның арқасында инфаркттан көз жұматындар саны азайған. Ал инсульт алған науқастар арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 25 пайызға төмендепті. Жүрек қан-тамырларын емдеу тәсілдері қалай өзгерді?

Алматылық Нұрилла Тілегенге дәрігерлер туа біткен жүрек ақауы диагнозын қойған. Мамандар өткен аптада науқастың жүрек қақпақшасын ауыстырып, күрделі операция жасады.

Нұрилла Тілеген, қала тұрғыны:

Бұл операция менде тегін болды. Портал тез уақытта дайын болды. Осы жерге келдім. Өздері жатқызды. Бұл тегін операция қолжетімді.

Дәл қазір кезекті күрделі операция басталды. Дәрігерлер бір жыл бұрын жүрегіне стент қойылған 62 жастағы науқасқа жүректің сол жақ қақпақшасын ауыстырып жатыр. Құны 74 миллион теңгеден асатын ота мемлекет есебінен жүргізілді. Еліміздегі жетекші кардиологиялық орталықта биыл жарты жыл ішінде 2000-ға жуық операция тегін жасалған.

Рүстем Төлеутаев, кардиохирург:

Биыл 250-ден астам күрделі, жоғары технологиялық операциялар істелді. Толықтай барлық технологиялар қазіргі таңда тез біздің мемлекетте енгізіледі. Себебі, базалық дайындық өте жақсы. Өте қымбат, жоғары әлемдегі өзекті технологиялы оталар бізде де қазір істеліп жатыр.  

Елімізде  жүрек ырғағы бұзылған науқастарға катетерлік ем, сондай-ақ жүрек пен қан тамырларына күрделі оталар жасалады. Қажет болған жағдайда дәрігерлер жүрек трансплантациясын да жүргізеді. Осы ретте мамандар соңғы жылдары жүрек аурулары жасарып барады, деп дабыл қағып отыр. 

Гүзел Ысқақбаева, кардиолог:

Жүрек ырғағының бұзылыстары, жүректің механикалық қанайналымына байланысты дерттер бұрын көбіне егде жастағы адамдарда кездесетін. Алайда қазір бұл аурулар 30-40 жастағы азаматтар арасында да жиілеп отыр. Мұның бірден бір себебі - экологияның нашарлауы, дұрыс тамақтанбау және зиянды әдеттермен байланысты. Әсіресе, энергетикалық сусындарды жиі тұтыну жүрекке кері әсер етеді.

Дәрігерлердің айтуынша, жүрек-қантамыр ауруларын емдеудің заманауи әдістері жыл сайын жетілдіріліп келеді. Соның арқасында бұрын шетелде ғана жасалатын күрделі операциялар бүгінде елімізде де сәтті жүзеге асырылады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мұндай жоғары технологиялық көмекті науқастарға тегін алуға мүмкіндік беріп отыр.

Бөлісу