Басты Жаңалықтар Қарақұрт шаққан 6 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Қарақұрт шаққан 6 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Маңғыстауда қарақұрт көбейді. Соңғы бір айда  улы жәндіктен 23 адам зардап шеккен. Алты науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың арасында балалар да бар.  Мамандар биыл аса қауіпті жәндіктің тым көбейіп кеткенін айтып,  сақ болуға шақырады.

Батыр ауылының тұрғыны Жұпар Сүйетованы өткен аптада қорада малға шөп салып жүрген кезде қарақұрт шаққан. Алғашында ол өз бетінше емделуге тырысқан. Алайда жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Қазір науқас облыстық ауруханада қарақұрт уына қарсы ем қабылдап жатыр.

Жұпар Сүйетова, Батыр ауылының тұрғыны:

Суға түсіп, спирт жақтым, бірақ болмады. Қол-аяғым ұйып, жедел жәрдем шақырттым. Олар әкеліп осы 26-ға түсірді. Реанимацияға бір күн жатқызды. Аман-есен көзімді ашқызып, палатаға өттім. Емдемегеніне рақмет айтамын.

Облыста соңғы бір айда қарақұрттан 23 адам зардап шекті. Ең көбі Маңғыстау ауданында тіркелді - 7 адам. Мұнайлы және Бейнеу аудандарында алты тұрғынды, ал Ақтау қаласында екі баланы қарақұрт шаққан.

Жанар Досжанова, облыстық Көпбейінді балалар ауруханасының директоры:

Бізде соңғы 10 күнде бізге екі бала қарақұрт шаққаны бойынша түсіп отыр. Екі бала да бізде реанимацияда болды. Алғашқы көмек көрсеткеннен кейін 3 сағаттың ішінде аурулардың симптомдары басылып, қазір отделениеге ауыстырылды.

Қарақұрт - ең қауіпті өрмекшілердің бірі. Оның уы адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, денеде қатты ауырсыну тудырады. Егер дереу медициналық көмек көрсетілмесе, науқастың жағдайы нашарлауы мүмкін. Биыл облыста улы жәндіктер ерте шығып, зардап шеккендер екі есе артқан. Сондықтан мамандар баспасөз мәслихатын өткізіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

Мәдина Рахметова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Қарақұрт шаққан жағдайда адам қатты ауырсынуы, бұлшықеттердің құрысуы, әлсіздік пен дене қызуының көтерілуі сезінуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда міндетті түрде қарақұрт шаққан жағдайда дереу жақын орналасқан медициналық ұйымға, алғашқы медициналық көмекке жүгіну қажет.

Мамандар қарақұрттың таралуына жол бермеу үшін ауыл-аймақтарда, қора-жайларда дезинсекциялық жұмыстар жүргізуге кеңес берді. Табиғат аясында демалу кезінде барынша сақ болуға шақырды.

Бөлісу