Басты Жаңалықтар Мектепте заңсыз ақша жинауға жол берілмейді

Мектепте заңсыз ақша жинауға жол берілмейді

Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресте жаңа кезең басталды. Мемлекет басшысы қол қойған заң енді азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін салалардағы заңсыз ақша жинау мен пара талап етуге жауапкершілікті күшейтеді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және коммуналдық қызмет көрсету бағыттарына бақылау артады. Бұл өзгерістердің мақсаты – тек жазаны күшейту емес. Негізгі міндет – заңсыз әрекеттердің алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау.

Заңдағы басты өзгерістердің бірі тұрмыстық деңгейдегі жемқорлық фактілеріне қарсы шараларды күшейту. Яғни мектептегі заңсыз ақша жинау, медициналық мекемелердегі талап етілетін төлемдер немесе қызмет көрсету саласындағы заңсыз әрекеттер енді қатаң бақылауда болады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай фактілер көбіне азаматтардың шағымынан кейін анықталады. Сондықтан жаңа жүйеде хабарлау тетіктеріне ерекше мән беріліп отыр.

Ержан Жаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры:

Азаматтар заңсыз ақша бопсалау, пара алу деректеріне тап болса немесе осындай деректердің куәсі болса Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жемқорлыққа қарсы қызметіне хабарласа алады. Бірден іс қозғалып, тергеу басталады. Іс аяқталғаннан кейін құзырлы орган хабар берген адамға іс нәтижесі бойынша есеп береді.

Жемқорлық фактісі туралы 1424 нөмірі арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталықтары және электронды өтініш жүйелері арқылы ақпарат жіберуге болады. Хабарлама расталған жағдайда ақпарат берген адамға сыйақы төленеді.

Жаңа заңның тағы бір маңызды бағыты – жемқорлық арқылы қабылданған шешімдердің құқықтық салдарын күшейту. Егер белгілі бір шешім пара немесе заңсыз әрекет нәтижесінде қабылданғаны дәлелденсе, оның күші жойылуы мүмкін. Бұл мемлекеттік сатып алуларға да қатысты. Яғни заңсыз ұйымдастырылған конкурс немесе бюджет қаржысына байланысты шешімдер қайта қаралады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Екі жылдан кейін болсын, 5 жылдан кейін болсын анықталып жатса, мына әкімнің мына шешімін, тендерлік комиссияның мына ұйғарымын жемқорлықтың нәтижесінде, берілген параның нәтижесінде қабылданған дейтін ақпарат шығатын болса, онда бүкіл қатынастарын жояды. Яғни анау заңсыз деген шешім шығады. Тендердің ақшасын қайтадан өндіріп алу керек деген соттың ұйғарымы шығады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының бірі – алдын алу. Яғни құқық бұзушылық болғаннан кейін ғана емес, оның себептерін жоюға басымдық беру.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Заңға қол қойылды. Енді оның талаптары кезең-кезеңімен жүзеге асады: бір бөлігі 1 қаңтардан бастап күшіне енсе, енді бірі келер жылдың ортасынан бастап қолданысқа енгізіледі. Заң – қағаздағы талап қана емес, қоғамдағы өзгерістің бастауы. Ендігі міндет – осы өзгерістерді халыққа түсіндіріп, жаңа талаптардың дұрыс орындалуын қамтамасыз ету.


Бөлісу