Самокатқа жаңа талап: 1 шілдеден бастап не өзгереді?
Алматы көшелерінде жүйткіген самокаттар соңғы жылдары қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп, тұрғындардың шағымы да көбейген. Осыған байланысты 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану тәртібі қатаңдайды. Енді оларды жүргізуге қойылатын талаптар күшейіп, жалға беру қызметтеріне де қосымша міндеттер жүктелмек.
Жаңа ережеге сәйкес, жалға берілетін электросамокаттарды тек 18 жасқа толған тұрғындар пайдалана алады. Бұдан бөлек, жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Компаниялар пайдаланушының жасы мен құжаттарын электронды жүйе арқылы тексеруі тиіс.
Руслан Асқаров, Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының бөлім басшысы:
Қазіргі таңда жылдамдық шектелген. Егер самокаттың жылдамдығы сағатына 25 км құрайтын болса, тротуарларда, саябақтарда, парк, жаяу жүргіншілер аумақтарында шектеу 6 км болады.
Алайда сарапшылар арасында бұл өзгерістерге қатысты пікір әртүрлі. Кейбірі талаптар қауіпсіздікті арттырады десе, енді бірі жүргізуші куәлігін міндеттеу дұрыс емес деген пікірде.
Абзал Дәулетов, авто сарапшы:
18-ден асқан, жүргізуші куәлігі бар адам автокөлік алуға тырысады. Оған не үшін самокат керек? Менің ойымша, 16 жастан қойса, өте жақсы болады деген ойдамын. Бірақ осы самокат беретін әр компания әрбір самокатқа каска қойса. Жұлып алынып кетпейтіндей.
Жаңа жүйе арқылы самокаттардың қозғалысы, жылдамдығы және орналасқан жері цифрлық форматта бақыланады. Осылайша қала билігі ретсіз қозғалысты азайтып, жолдағы қауіпсіздікті күшейтуді көздеп отыр. Әзірге бұл талап тек заңды тұлғаларға, яғни құралды жалға беруші компанияларға ғана қатысты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы