«Әділет» партиясының филиалдары еліміздің барлық өңірінде құрылады
Кеше Астанада «Әділет» партиясының екінші съезі өтті. Жиындағы басты саяси шешімдердің бірі – «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы болды. Бұдан бөлек, партияның ішкі ұйымдастыру қағидалары талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Толығырақ тілші тарқатады.
Съезд жұмысына партия делегаттары, қоғамдық және кәсіби бірлестіктердің өкілдері қатысты. Барлық саланың өкілі бар. Ірі салалық бірлестіктердің, кәсіби қауымдастықтардың және сарапшылық ұйымдардың жетекшілері жиынға арнайы келген. Олар партия қатарына өтіп, бүгінде оның ұйымдық әлеуетін нығайтуға және бағдарламалық мақсаттарын жүзеге асыруға атсалысуға мүдделі.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
II съезд қатысушыларының алдында сөз сөйлеген партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтіп, саяси күштерден реформаларды қолдау ғана емес, халықпен тығыз жұмыс жүргізу және азаматтардың сұраныстарына нақты жауап беруді талап ететінін айтты.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Бүгінгі қоғамдағы әділдікке деген сұраныс ерекше жоғары. Азаматтар ұран сөздерді емес, нақты нәтижелерді күтеді. Олар мемлекеттік органдар мен саяси институттардың тиімділігін адамдардың өмір сапасының қаншалықты жақсарғаны арқылы бағалайды. Осындай жағдайда саяси партиялардың рөлі айрықша арта түседі. Олар тек сайлауға қатысып қоятын ұйымдар ғана емес. Олар қоғамның мүддесін білдіретін, жауапты да білікті саяси элитаны қалыптастыратын, ел дамуының балама шешімдерін ұсынатын және азаматтық мәдениетті нығайтатын маңызды институттар болуы тиіс.
Съезде бірнеше тақырып талқыланып, дауыс берілді. Әуелі «Әділет» партиясының филиалдарын құру және оларды есептік тіркеуге алу мәселелі ортаға салынды.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Съезд делегаттары партияның толыққанды өңірлік желісін қалыптастыру бастамасын қолдады. Бұл желі Қазақстанның барлық облыстарын, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларды қамтиды. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл қадам ұйымның дамуының жаңа кезеңін бастап, өңірлерде тұрақты жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Енді «Әділет» партиясының филиалдары Қазақстанның барлық өңірінде құрылады. Сондай-ақ азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнамақ. Осы съездің өзіне 30-дан аса қоғамдық бірлестік пен ұйымның жетекшілері мен өкілдері келген. Олар партияның бастамаларын қолдап, алдағы уақытқа бірдей жоспар құрып отыр.
Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» партиясының саяси кеңес бюросының мүшесі:
Біздің ойымыз жаңару, жасару. Сондықтан да сала-салада енді ғана көзге түсіп жатқан өз еңбегімен кәсіпте, ғылымда, білімде басқа салада көрсете алған өздерін азаматтарды барынша тартуға тырысамыз. Бүгін біз аймақтардағы филиал құру туралы шешім қабылдадық. Ондағы ойымыз, әсіресе, аймақтардағы осындай жаңа буынды өздерін жасаған жастарды партияға кеңінен тарту.
«Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы бойынша да делегаттар дауыс беріп, толық қолдады. Съезд қатысушылары бұл шешім Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформаның маңызды бөлігі болатынына сенім білдірді. Ал партия төрағасының айтуынша, бұл – екі ұйымның күш біріктіруі ғана емес, бұл – еліміздің прогрессивті, жауапты және реформашыл күштерінің бір мақсатқа жұмылуы.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Бүгінгі съезден кейін «Әділет» партиясы мүлде жаңа сапаға ие болды, жаңа биікке көтерілді. Еліміздің қоғамдық өміріне ықпал ететін, тегеуірінді күшке айналдық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның шын мәніндегі саяси тірегі ретінде бекідік.
Съезд қатысушылары заманауи саяси ұйым тек орталық басқару органдарының айналасында ғана құрылмай, азаматтармен күнделікті жұмыс істейтін, қоғам сұраныстарына жедел жауап беретін және өңірлердің өзекті мәселелерін шешуге атсалысатын мықты аймақтық құрылымдарға сүйенуі тиіс екенін атап өтті.
Нұрбол Сейітқалиев, «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі:
Жастар қоғамдық бірлестігі болғаннан кейін 30 өңірде бізде өзіміздің штабтарымыз бар. Біз жастармен жұмыс істеп жатырмыз. Ойларымыз, мақсаттарымыз бір жерден шығып тұрғаннан кейін сол аясында біз жұмыс жасап жатырмыз.
Партияға еліміздің түкпір-түкпірінен әр түрлі сала өкілдері қосылып жатыр. Олар өздерінің саласында және аймағына қатысты мәселелерді көтеріп, күш жұмылдыруға мүдделі.
Роллан Ибраев, «Әділет» партиясының мүшесі:
Бұрыннан ешқандай акционерлік қоғамда болмағанмын. Ешқандай партияда болмағанмын. Осы партияға сенім артып, келіп отырмын. Өзім негізі Абай облысының кәсіпкерімін.
Ғазрет-Али Қуанышев, «Әділет» партиясының мүшесі:
Партиядан үмітіміз көп. Филиалдар бойынша көп жұмыстар жасалып жатыр деген сенімдеміз. Маңғыстау жұртшылығы бұл партияны толықтай қолдайды, жерлестерімізбен барлығымыз осы партияны қолдаймыз.
Партия өкілдерінің пікірінше, өңірлік желіні дамыту ұйымның одан әрі нығаюына негіз болып, орталық органдардан бастап ауылдық елді мекендерге дейінгі мәселелерді назарға алып, жұмыс жүйесін қалыптастыруға жол ашады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы