ЖИ инфрақұрылымын дамытуға 10 млрд доллар инвестиция тартылды
Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға 10 миллиард доллар инвестиция тартылды. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен және америкалық Firebird компаниясының басшылығымен стратегиялық келісімдерге қол қойды. Жиында тараптар Екібастұзда іске асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын талқылады. Қазіргі таңда мұнда 300 мегаватт электр қуаты қолжетімді болса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 1 гигаваттқа дейін ұлғайту жоспарланған. Үкіметтің мәліметінше, жаңа инфрақұрылым негізінде NVIDIA-ның соңғы буындағы 100 мың жоғары өнімді графикалық процессоры орнатылып, жасанды интеллект модельдерін оқытуға арналған ауқымды есептеу кешені құрылады. Сарапшылардың бағалауынша, жоба толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын кемінде 3 миллиард доллар экспорттық табыс әкеліп, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық технологиялық компанияларды тартуға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және отандық стартаптардың әлеуетін арттыруға жол ашуы тиіс.
Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:
Біз жалпы осы дата центрды дүниежүзілік форматта, дүниежүзілік класта құрастыратын боламыз. Бұл біздің көмірімізді цифрлық қызметке айналдыруға көмектеседі. Яғни көмірден электр энергиясы пайда болады. Электр энергияны пайдаланып сол дата центрлер жұмыс істейді. Дата центрлердің қызметі алып компаниялардан ақша тартады. Бізге толыққанды экспорттық кіріс, яғни «Қазақтелекомға», осы компанияға экспорттық кірістер келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы