Басты Жаңалықтар Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін көмектің аясы жыл сайын кеңейіп келеді

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін көмектің аясы жыл сайын кеңейіп келеді

Қазақстанда бүгінде 740 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 110 мыңнан астамы балалар. Мемлекет мұндай азаматтарды әлеуметтік қорғау, оңалту және қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жетілдіріп келеді. Мысалы Абай облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған тұңғыш абилитация және оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Онда жылына мыңдаған адам жан-жақты көмек алады.
Облыста бұған дейін мұндай заманауи әлеуметтік мекеме болмаған. Ерекше балалар мен мүмкіндігі шектеулі ересектерге арналған орталық бір мезетте 150 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы Мекемеде әлеуметтік, медициналық және педагогикалық қызметтердің барлық түрі ұсынылады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мекемеде азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге, ал ерекше балалардың қоғамға бейімделіп, білім алуына жағдай жасалған. Барлық қызмет түрі тегін көрсетіледі.
Мәншүк Назарбекова, Абилитация және оңалту орталығы директорының орынбасары:
1-ші, 2-ші топ мүгедектігі бар адамдар, тірек қимыл апараты бұзылған адамдар және психоневрологиялық бөлім қызмет атқарады. Жалпы орталық 8 әлеуметтік бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Облыс көлемінде аудан ауданнан келетін мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетіп отырмыз.
Орталық қызметін пайдаланушылардың бірі – жетпіс жастағы Құмарбек Дауытов. Бірінші топтағы мүгедек. Туа бітті сал ауруына шалдыққан. Бұрын қажетті ем алу үшін әртүрлі медициналық мекемелерді жағалап, тіпті өзге қалаларға баруға мәжбүр болған. Қазір жыл сайын осы орталықта оңалтудан өтіп жүр.
Құмарбек Дәуітов, қала тұрғыны:
Мекеме ашылғалы жылда осында келемін. Үш ай аз дегенде жатамын. Мында қызметтері жақсы. Неше түрлі апараттары бар. Бәрін де қолданады.
Абай облысында бүгінде 24 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның шамамен 3 мыңы балалар. Өңірде оларды әлеуметтік қолдау мен қоғамға бейімдеу үшін түрлі бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Былтыр ғана әлеуметтік осал топтағы 30-дан астам азамат 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсібін ашқан. Сонымен қатар жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше мән берілген.
Айман Нұрлыбек, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда облыста 22 мемлекеттік арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыспен қамту мәнсап орталықтары арқылы, бірнеше қызмет көрсетіледі. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына орналастыру квоталанған. Жалпы жыл көлемінде 500 ден астам жұмыспен қамтылады.
Өңірде әлеуметтік қызмет көрсету инфрақұрылымы да жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл әлеуметтік осал топтағылардың сапалы қызметке қолжетімділігін арттырып отыр. Жақында Семейде 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар жандарға қызмет көрсететін мекеменің жаңа ғимараты қолданысқа берілсе, Үржарда жақын күндері балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылмақ.

Бөлісу