АҚШ пен Иран бейбіт келісімге маусымның 19-да қол қояды
Сонымен Вашингтон мен Тегеран бірнеше айға созылған атысты аяқтау туралы келіскенін растады. Тараптар құжатқа электронды түрде қол қойған. Ал келісім жұма күні Швейцарияда ресми түрде бекітіледі.
АҚШ пен Иран арасында 3 жарым айға созылған соғыс тоқтады. Тараптар барлық майданда атысты тоқтату туралы мәмілеге келген. Бейбіт келісімге маусымның 19-да қол қойылады. Келіссөзге арағайындық танытып келген Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф құжатқа қол қою рәсімі Швейцарияда өтетінін мәлімдеді.
Шахбаз Шариф, Пәкістанның премьер-министрі:
Бүгін әлем 3 ай және 16 күн сынақтан соң Иран мен Құрама Штаттар барлық майданда, оның ішінде Ливанда атысты дереу және біржолата тоқтату туралы келісімге келгендерін жариялады.
Бұл ақпаратты Вашингтон мен Тегеран растады. АҚШ президенті Дональд Трамп келісімге қол қойылғаннан кейін Ормұз бұғазы қайта ашылады деп мәлімдеді. Иран жағы бірнеше айға созылған күрделі және қарқынды келіссөздерден кейін Өзара түсіністік туралы меморандум бекітілгенін мәлімдеді. Бұған қоса ақырғы бейбіт келісімге келу үшін 60 күн бойы келіссөз өтетінін де хабарлады. АҚШ келісімді ядролық бағдарламаны шектеу құралы ретінде, ал Тегеран оны экономикалық жеңіс ретінде сипаттап отыр.
Реза Нағипур, Тегеран тұрғыны:
Иранның құқықтары мен мүдделері сақталса, оларды келісім арқылы қорғау әлдеқайда жақсы. Ел қайта даму жолына түсіп, экспорт мен импорт оңалып, экономика жақсарады. 47 жылдан кейін ел ақыры гүлдене бастайды
Reuters мәліметінше, келісімге сәйкес, АҚШ 30 күн ішінде Иран порттарына қойылған әскери-теңіз блокадасын алып тастауға, жаңа санкциялар енгізбеуге, бұғатталған ирандық активтердің бір бөлігін босатуға және мұнай экспортына қатысты жеңілдіктер беруге келіскен. Бұған жауап ретінде Ислам Республикасы уран байытудан бас тартып, жаңа ядролық нысандар салуды тоқтатуы тиіс. Ал әлем елдерінің лидерлері Иран мен АҚШ-тың бейбіт келісімге келуін серпіліс деп атап, құттықтауларын жолдады.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
АҚШ пен Иран уағдаластыққа қол жеткізді. Президент Дональд Трампты, Пәкістан мен Қатардың делдалдарын және барлық қатысушы тараптарды құттықтаймын. Бұл – өте маңызды сәт. Бұл келісімді қолдау және оның берік, ұзақ мерзімді бейбітшілік әкелуі үшін серіктестерімізбен тығыз жұмыс істейміз.
Бейбіт келісім туралы жаңалық жаһандық мұнай нарығына бірден әсер етті. Биржаларда энергетикалық шикізат бағасы бірден 4 пайызға арзандап, оның Brent маркасы 83 доллар 13 центке сатылып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы