Басты Жаңалықтар Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының ресми мүшесі атанды

Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының ресми мүшесі атанды

Иә, бұл - Қазақстанның кәсіпқой бокс тарихындағы айтулы оқиға. Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залының ресми мүшесі атанған алғашқы қазақстандық спортшы. Нью-Йорк штатындағы Канастота елді-мекенінде өткен салтанатты рәсімге Америка Құрама Штаттарындағы меншікті тілшіміз Темірлан Нұржанұлы барып келген еді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Канастота көшелері әлемдік бокстың айтулы тұлғаларын қарсы алып жатыр. Бұл — Халықаралық бокс даңқы залына қабылданған чемпиондардың дәстүрлі шеруі. Биыл мұндай құрметке ие болғандардың қатарында қазақстандық Геннадий Головкин де бар.

Чемпиондар шеруі мерекелік бағдарламаның бірі ғана еді. Ұлықтау рәсіміне дейін былғары қолғап шеберлері жанкүйерлермен кездесіп, олармен емен-жарқын тілдесіп, бокссүйер қауымның ыстық ықыласына алғыс білдірді.

Эрик Парк, бокс жанкүйері:

Біз Головкинді қолдау үшін арнайы Чикагодан келдік. Мен бокстың үлкен жанкүйерімін. Бірақ Головкинді тек боксшы ретінде емес, адам ретінде құрметтеймін. Ол өте қарапайым, кішіпейіл жан. Ол туралы жаман пікір айтқан адамды естіген емеспін.

Наташа Маккини, бокс жанкүйері:

Жолдасым бокс түсіретін кәсіби фотограф. Осылайша, бұл спортқа қызыға бастадым. Бүгін Головкинмен жүздесіп, қолтаңбасын алдым.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Канастота – Нью-Йорк штатындағы шағын ғана елді-мекен. Халқы бірнеше мың адам болғанымен, бұл мекен кәсіби бокс әлемінің рухани орталықтарының біріне айналған. 1989 жылы осы жерде Халықаралық бокс даңқы залы ашылады. Содан бері жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген әйгілі боксшылар мен жанкүйерлер бас қосады.

Даңқ залының тарихы жергілікті әлем чемпиондары Кармен Базилио мен Билли Бэкустың абыройын арқау еткен бастамадан туған. Тізімде Мұхаммед Али, Майк Тайсон, Шугар Рэй Леонард сынды бокс аңыздары бар. Геннадий Головкин де кәсіби мансабында орта салмақтағы WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. 20 рет қатарынан чемпиондығын сәтті қорғап, орта салмақтағы ең үздік боксшылардың бірі ретінде тарихқа енді.

Геннадий Головкин, боксшы, ұлттық олимпиада комитетінің президенті:

Сезімді сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Артқа қарап, атқарылған еңбек пен жеткен жетістіктерді ойлағанда ерекше мақтаныш сезімі пайда болады. Демек, біз көздеген мақсатымызға жеткен сияқтымыз. Мен Қазақстаннан екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Сондықтан сіздерге де айтарым – өздеріңізге сеніңіздер!

Былғары қолғап шеберлері үшін даңқ залына ену чемпиондық белбеуден де биік марапат. Себебі атлеттің жеке бір жеңісі ғана емес, тұтас мансабының мұраты бағаланады.

Бөлісу