Басты Жаңалықтар Туризм бағытындағы тұңғыш индустриалды аймақ құрылды

Туризм бағытындағы тұңғыш индустриалды аймақ құрылды

Балқаш қаласында Үкімет басшысының тапсырмасымен индустриалды аймақ құрылды. 14 гектар аумаққа алдағы уақытта жаңа демалыс орындары салынады. Одан бөлек Тораңғалық және Шұбартүбек курорттық аймақтарына орталықтандырылған су құбыры тартылып жатыр. Толығырақ Жандос Бақытұлы тарқатсын.

Балқаш қаласының іргесіндегі Тораңғалық пен Шұбартүбек елді мекендерінде жағажайлар абаттандырылып жатыр. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарық бағаналары мен бейнебақылау камералары орнатылып, арнайы бекеттер қойылды. Дегенмен демалыс аймақтарында әлі күнге орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ.
Самал Шайсұлтанова, турист:
Мында поселоктың ішінде жолды істесе, суды тартса жақсы болушы еді. Отель, сосын пляжды дұрыстап істесе болушы еді.
Қазір Балқаштан Тораңғалыққа дейін магистральдық су құбыры тартылып жатыр. Жоба құны шамамен 6 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстары үш жылға жоспарланған.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Бұл еліміздегі туризм бағытындағы ең алғашқы индустриалдық аймақ. Көлемі он төрт гектарды құрайды. Қазір мұнда бірнеше кәсіпкер өз жұмыстарын бастап кетті. Алдағы уақытта оннан аса демалыс орны салынбақ.
Индустриалды аймаққа әлі де инвестор қажет. Сондықтан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін көл жағасын балдырдан тазартып, толыққанды абаттандыруда.
Жақсыкелді Иманбеков, кәсіпкер:
Жер берді, мысалы үшін индустриальный проект деп. 4 гектар жерді білесіздер частный сатып алса ол енді үлкен баға. Суын тартып беріп жатыр, тоғын тартып беріп жатыр, асфальт салып беріп жатыр. Енді ол да үлкен көмек. Көлдің жағасын бізге тазалап беріп жатыр. Жұмысымыз да жеңілдеп жатыр.
Қарағанды – Балқаш автожолы жөнделгеннен кейін жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жабылған еді. Туристер дәмхана, жанармай құю бекеттері мен жолда тынығатын орын таппай қиналады. Мәселені шешу үшін жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға жер телімі бөлінді. 
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
Бұл жерде төрт жанармай құятын автостанциялар болады, сосын екі үлкен қонақ үй болуы керек, қосымша жанында машина жөндейтін тұрақтар болады. Көлікпен адамдар шаршап келгенде демалатындай, машиналарға парковкалар болады. 
Былтыр Балқашқа 183 мыңға жуық турист келді. Бұл 2024 жылға қарағанда 35 пайызға көп. Әсіресе мереке және демалыс күндері жағажай лық толып, келушілер орын таппай жатады. Сол үшін жаңа демалыс орындары мен қонақ үйлер әлі де қажет.


Бөлісу