Басты Жаңалықтар Ботаникалық бақ базарға айналып бара ма?

Ботаникалық бақ базарға айналып бара ма?

Астана төріндегі ботаникалық бақ базарға айналғаны ма? Жаз шыққалы тұрғындар тарапынан бақ аумағында жабайы сауда тыйылмай тұрғанына шағым көбейді.

Бақ бастапқыда биоалуан түрлілікті сақтап, сирек не жойылып бара жатқан өсімдіктерді қорғау үшін ашылған. Бірақ оны ескеріп жатқандар аз. Төңірек базарға айналғандай, сабылған саудагерден қалған қалдық айналаны ластап жатыр. Адам аяғы үзілмейтін жерде топырақ эрозияға ұшырап, жасыл желекке су мен ауа жетпей, солып қалатыны тағы бар.

Гүлден Бақыт, ботаникалық бақтың зертхана меңгерушісі:

Бізде, ботаникалық бақта, ашық топырақта егілген өсімдіктердің 3 мыңнан аса сорты бар. Біз сондай белгілер қоямыз, қоршаулар қоямыз. Бірақ бізде қоршауға қатты болмайды. Рұқсат берілмеген. Шамамыз келгенше бұл жерде өсімдік бар екенін белгілеп, солай қорғау шараларын жасаймыз.

Негізі ботаникалық бақта сауда-саттыққа мүлдем рұқсат жоқ. Заңсыз қызметке жол бермес үшін Есіл ауданы әкімдігінің мамандары күн сайын рейдке шығады. Жыл басынан бері 2 млн теңгеден аса айыппұл салынған.

Айдос Момбиев, Есіл аудандық Полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары:

Қазір Есіл ауданы бойынша биыл 482 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ботаникалық саябақ адам көп шоғырланатын жер болған соң бекет қойылды. Потрульдік полиция қазір сол жерде қызмет атқарады. Себебі берілген заттардың бәрін біз тәркілеп алып жатырмыз. Олардың ешқайсына лицензия берілмеген. Сол үшін Әкімшілік кодекстің 463-бабы бойынша іс қарастырып жатырмыз.

Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан құзырлы органға 5 шағым келіп түскен. Осының негізінде ескерту жасалған. Егер ескертуді елемесе, айыппұл салынбақ. Бірақ мұның өзі жабайы саудаға тосқауыл болмай тұр. 

Бөлісу