Басты Жаңалықтар Зиялы қауым өкілдері жаңа медиа орталықты аралады

Зиялы қауым өкілдері жаңа медиа орталықты аралады

Бүгін бір топ зиялы қауым өкілдері қазақ телевизиясының қара шаңырағы саналатын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматыдағы жаңа медиа орталығымен танысты. Ұлт руханиятының талай буынын тәрбиелеген қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын аттаған қонақтар алдымен телеарна тарихынан сыр шертетін музейді аралады. Мұнда қазақ телевизиясының әр кезеңінде қолданылған техника мен телевизияның алтын дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Одан кейін зиялы қауым өкілдері жаңа медиа орталықты көрді. Жалпы аумағы 8500 шаршы метрге жуық ғимарат заманауи технологиялармен, кең өндірістік мүмкіндіктермен және телерадио хабар таратуға арналған жаңа инфрақұрылыммен жабдықталған. Ардагерлер қара шаңырақтың жаңа тынысы мен жаңарған келбетіне оң бағасын берді.

Намазалы Омаш, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл жаңалық қой. Бұрын бұл екі қабатты үй болатын. Бірақ сол екі қабат болса да, жиырма қабаттың жұмысын істеген, еңбегін сіңірген қара шаңырақ. Бұл шаңырақтың байтақ Қазақстанға, қазақ еліне, жұртына сіңірген еңбегі орасан зор. Қазір жарқыратып 5 қабатты үй тұрғызыпты, өте дұрыс болған. Сондықтан мен үшін бұл жердің орны бөлек. Жалпы, мен үшін ғана емес, қазақ халқы үшін.

Қайнар Олжай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Үкіметке алғыс білдіруге тура келеді. Өйткен бұл – үлкен шығармашылық орда. Мұнда қазақтың ең мықты марқасқалары қызмет еткен. Шерхан Мұртаза болды, Сағат Әшімбаев болды. Қаншама үлкен адамдар осында келіп сұхбат берген. Күлдің орнына пайда болатын феникс құс сияқты, қайтадан пайда болғанына біз қуанып отырмыз. Ескірмейтін нәрсе  – ұлттың рухы. Осында біздің ұлттың рухы қайтадан жанданып, қайтадан жас ұрпақтың тәрбиесіне қызмет етуі керек.

Жаңарған медиа орталықтың басты ерекшелігінің бірі – заманауи студиялық кешендер. Мұнда көлемі 1050 шаршы метрді құрайтын ірі телестудия орналасқан. Бұл кеңістік ауқымды телевизиялық жобалар мен ірі форматтағы бағдарламаларды түсіруге мүмкіндік береді. Ардагерлердің айтуынша, бұл отандық телевизияның жаңа сапалық кезеңге аяқ басқанын айғақтайды.

Нұржан Жалауқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Телевизияның жаны ғой - студия деген. Егер студияңыз кең болса, мықты техникамен жабдықталған болса... Қазіргі кезде әлемдік үрдістерге сай, технологияға сай жұмыс істеуге не жетсін. Телевизияның жаңа сапалық деңгейге көтерілгеніне керемет осындай мақтаныш сезімінде тұрмын. Өйткені бүгінгі әріптестерім мен жастар үшін қуанамын.
Бөлісу