Басты Жаңалықтар ІІМ: Алаяқтар балаларды онлайн алдауға көшті

ІІМ: Алаяқтар балаларды онлайн алдауға көшті

Бақыламасаң, баланы әлеуметтік желі тәрбиелейді. Ішкі істер министрлігі қылмыстық топтардың тағы бір схемасын әшкереледі. Заңға қайшы әрекеттің желіде тараған атауы да бар – онлайн груминг. Әккі әуелі интернет арқылы өзін жасөспірім ретінде таныстырып, баламен достасуға барын салады. Сенімге кіргеннен кейін жеке мәліметтерді сұрай бастайды. Осылайша, бірте-бірте қай жерде тұратынын, кіммен араласатынын біліп алады. Ұсталып қалмау үшін «ата-анаңа ештеңе айтпа, құпия сақтай алатыныңды дәлелде» деп психологиялық қысым жасайды.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы:

Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балалармен интернеттегі қауіпсіздікті үнемі талқылап отыруға және олардың онлайн белсенділігіндегі өзгерістерге назар аударуға шақырады. Баланың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі де шынайы өмірдегідей қырағылықты талап етеді.  

Онлайн-грумерден баланы қорғау үшін не істеу керек? Ішкі істер министрлігі нұсқаулық дайындаған. Біріншіден, бейтаныс адамдармен интернетте сөйлесудің қаупі жайлы айту керек. Онсыз да біледі деуге болмайды. Тәжірибе егжей-тегжей түсіндірудің маңызы зор екенін көрсетті, дейді полицейлер. Сондай-ақ жеке мәліметтердің көмегімен әккілер қандай әретке бара алатынын, түрлі схемалар бар екенін айтқан дұрыс. Бұдан бөлек, ата-ана баланың телефонын жүйелі түрде тексеріп, күмәнді аккаунттарды бұғаттауы керек. Министрлік онлайн грумерлерге тап болғандарға құзырлы органдарға хабарлаумен қатар, желіде жазба қалдырып, өзге де ата-аналарды хабардар етуге шақырады.


Бөлісу