Базалық ставка төмендеді
Ұлттық банк базалық ставканы 1 пайызға төмендетіп, 17 пайыз деңгейінде белгіледі. Мұндай қадамға не себеп? Инфляция төмендей түсе ме? Жанел Нұрболатқызы баяндайды.
Ұзақ уақыт 18 пайыз деңгейінде болған базалық ставка 17 пайызға дейін төмендеді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұған инфляцияның баяулауы себеп. Инфляция әрі қарай бәсеңдесе, Орталық банк базалық ставканы одан әрі төмендетуге дайын ба?
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
Азық-түлік тауарларына жаз айларында баға түседі. Маусым, шілде, тамыз айында әдетте дезинфляциялық процестер болады. Егер іс жүзінде болса олар, әрине, базалық мөлшерлемені төмендетуге дайынбыз.
Былтыр қыркүйекте инфляция 12,9%-ға жеткен еді. Орталық банк бірден ставканы көтерді. Ақша-кредит шарттары күшейгесін, биыл мамырда инфляция 10,4%-ға дейін бәсеңдеді. Оған теңгенің нығаюы мен Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шаралары септігін тигізді.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚҰБ Төрағасының орынбасары:
Жыл соңына дейін инфляцияны бір сандық межеге түсіреміз деп күтеміз. Біздің мақсат - инфляцияны 5 процентке дейін төмендету. Ол үшін біз бар күшімізді саламыз.
Ұлттық банк инфляция жыл соңына қарай 10%-дан төмен түседі деп болжап отыр. Егер әлемдік геосаясат құбылмаса, ішкі-сыртқы факторлар кері әсерін бермесе, 2027-2028 жылдары ЖІӨ өсімі 3,5-4,5% деңгейінде болмақ. Ал базалық мөлшерлеме туралы кезекті шешім 24 шілдеде қабылданады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы