Инвестициялық даулардың 80% инвесторлар пайдасына шешілген
Бүгін Астанада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форум өтті. Оған қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әкімшілік әділет рөлі нығайып келе жатқанын айтты. Халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
2021 жылы елімізде Әкімшілік әділет кодексі бекітілді. Жаңа институт жұмысын бастағалы биыл 5 жыл. Бұл жай ғана құқықтықтық новелла емес, бұл әділдіктің құралы, қорғаны. Содан бері сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілген.
Бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Қазір таразының басында әділдік теңселмей тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады.
Еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталды.Әкімшілік әділет рөлі нығайып келеді. Жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды.
Асламбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:
Соңғы 5 жылда сотқа 150 мыңнан астам әкімшілік талап-арыз келіп түсті. Осы орайда жыл сайын өтініштер саны тұрақты артуда. Бұл азаматтар мен бизнестің жаңа түрдегі сот ісін жүргізудегі тиімділігін арттырып, сотты бұзылған құқықтарды қалпына келтіретін нақты тетігі ретінде қарастыратынын білдіреді.
Елімізде инвестициялық штаб құрылғаны белгілі. Оған Премьер-министрдің өзі жетекшілік етеді.
Ғабидулла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы:
Осы инвестициялық штабтың отырыстарында жалпы көлемі 100 млрд доллардан асатын инвестициялық жобалардың нақты проблемалық шешімдері табылды және оның орындалуына тез арада жүзеге асуына ықпалын тигізді.
Прокуратураға қарасты инвесторлардың құқығын қорғауға арналған комитет құрылды. Тіпті, бас прокурордың өзі инвестициялық омбудсмен болды. Инвесторларға мұндай қолдау халықаралық тәжірибеде некен-саяқ.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:
Екі мыңнан астам мемлекетімізге маңызды-маңызды инвестиция құйып жатқан кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмысын жасап жатырмыз. Ол дегеніміз инвестицияның Қазақстанға келгеннен бастап, өндіріс, зауыт салынғанша прокурорлар олардың құқықтарын қорғап, қадағалап отырады.
БҰҰ былтыр сараптама ұсынды. Онда Орталық Азия және Солтүстік Кавказ елдеріне тартылған жалпы инвестицияның 70 пайыздан астамы Қазақстанның еншісінде екені көрсетілген.
Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы:
Неміс компаниялары Қазақстанда өздерін жақсы әрі қолайлы сезінеді. Германиядан келген 600-дей компания Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында млрд еуро инвестиция құйған ірі компаниялар да бар. 45 кәсіпорын ашылып, жобамен 20 мың адам жұмыс істеп жатыр.
Президент Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және еліміздің заңнамасын жетілдіруге елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Араның өзі жайнаған, иісі бұрқыраған гүлге қонады. Солған, қураған гүлге маңайламайды. Инвесторлар да тап солай. Қауіпсіз, тұрақты және заң мен тәртіп үстемдік еткен елге ғана қомақты қаржы құяды. Инвестиция - біреудің тәуекел етуінен келетін олжа. Қазір тұтас әлем базардағы сатушыдай сол инвесторларға қол былғап, таласып отыр. Ал Қазақстанға алпауыт компаниялардың дені өздері келіп жатыр. Өйткені, инвестицялық климат қолайлы. Президент айтқандай босаңсуға болмайды. Сол сияқты, гүлге де күтім керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы