Президент: Әкімшілік дауларды шешуде жүйелілік қажет
Елімізде мемлекет пен азамат арасындағы дауларды қараудың жаңа, нақты жүйесі қалыптасады. Енді шағым түсіру жүйесін бұрынғыдай күрделі емес, тәуекелдерді алдын ала басқаруға бағытталған модельге ауыстыру көзделіп отыр. Үкімет осыған қатысты ережелер дайындап жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумында айтылды. Жиында сөз сөйлеген Президент әкімшілік дауларды шешуде жүйелілік қажет екенін баса айтты. Яғни мемлекеттік органдардың қабылдайтын шешімдері барлық жерде бірдей және түсінікті болуы керек. Бір рет қаралған мәселе қайта-қайта сотқа жетпеуі тиіс. Жалпы, мұның мақсаты – мемлекеттік басқаруды жүйелі етіп, азаматтар мен мемлекет арасындағы дауларды әділ әрі тиімді шешу.
Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім мен келісім болуы керек. Бұл мызғымас қағида. Біз халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы