Басты Жаңалықтар Ашық аспан астындағы мерекелік кеш

Ашық аспан астындағы мерекелік кеш

Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шаралар Алматыда да күні бойы жалғасты. Таңертең Медеу мұз айдынында Мемлекеттік Ту көтеріліп, жүздеген тұрғын Әнұранды бірге орындады. Ал түсте рәміздердің қоғамдағы орны мен маңызы кеңінен талқыланған конференциялар мен кездесулер өтті. Ал қазір мерекелік думанның негізгі бөлігі Көк-Төбе төрінде өтіп жатыр. Мұнда ашық аспан астында ұйымдастырылған концертте танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетуде. Көк-Төбе алаңында жүрген әріптесім Әйгерім Ердәулет бізбен байланысқы шықты.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Бүгін Алматыда Мемлекеттік рәміздер күні айрықша рухпен, ерекше сән-салтанатпен аталып өтіп жатыр. Дәл қазір мерекенің ең қызған сәті Көк-Төбе төрінде жалғасуда. Менің артымда ашық аспан астындағы үлкен концерт өтіп жатыр. Мұнда жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Қала тұрғындары мен қонақтары ән мен күйден қуат алып, мерекелік көңіл-күйге бөленуде. Сахнадан шырқалған әрбір ән, күмбірлеген әрбір күй елдік пен еркіндіктің, бірлік пен татулықтың үніндей естіледі.

Көрермендер сүйікті әншілерімен бірге ән шырқап, ерекше әсерге бөленуде. Мұндағы атмосфера әр адамға Туымызға деген мақтаныш сезімін, Елтаңбамызға деген құрметті, Әнұранымызға деген ерекше ықыласты сезіндіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Open-Air форматындағы мерекелік концерт кешкі сағат 22:00-ге дейін жалғасады. Мұндай мерекелік шаралар күні бойы қаламыздың барлық ауданында да ерекше аталып өтті.


Бөлісу