Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. «Елтаңба – елдігіміздің айшықты белгісі. Әнұран – азаттығымыздың айбынды үні. Көк Туымыз – Тәуелсіздік тұмары. Төбемізге көтеріп, қадір тұтатын осы үш рәмізді мемлекеттігіміздің мызғымас үштағаны десек, артық болмайды». Салтанатты жиында Президент осылай деп елді құттықтады.
Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің Әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
«Ұлттық нышандарымызды қадірлеу – отаншылдық рухының ең биік өлшемі». Сөзін осылай бастаған Президент, Үкімет таяу арада мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізетінін айтты. Рәміздердің мән-мағынасын тарқатып, құттықтауын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құрметті отандастар, баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қасиетті Отанымыз қазақ елінің әрбір азаматы үшін маңызы ерекше мереке. Біз осы күні байрағымызды биікке көтереміз. Сол арқылы еңселі, егеменді ел екенімізді күллі әлемге паш етеміз. Қастерлі рәміздеріміз ұлт құндылықтарының жарқын символы.
Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция – Қазақстанның алдағы ондаған жылдарға арналған басты заңы. Дәл осы Ата заң халқымызды әлемдік өркениеттің жаңа белестеріне бастайды. Технологиялық жетістіктер, саяси дүрбелеңдер, әскери қақтығыстар белең алып жатқан қазіргі дәуірде негізгі заңымыздың жол нұсқаушы темірқазық ретіндегі маңызы еселене түседі. Еліміздің бас құжаты – Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Тамыз айында бір палаталы Құрылтай сайлауы өтеді, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесі құрылады.
Салтанатты рәсім барысында әскери институт
пен академиялардың үздік түлектеріне «аға лейтенант»
шені тапсырылды.
Мәди Қалмаханов, ҚР ҰҚК Шекара академиясының түлегі:
Мемлекет басшысының қолынан аға лейтенант шенін алу үлкен құрмет және үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік деп есептеймін. Сондықтан осындай сәтті осы орыннан табылып тұрғаныма өте қуаныштымын.
Біздің Елтаңбамыз ең әдемі Елтаңба. Біздің Туымыз ең әдемі Ту. Біздің Әнұранымыз жүрек жаратын Әнұран. Сіздерді осы атаулы күнмен құттықтаймын! Осы күн бәрімізге үлкен жақсылық әкелсін!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы