Құрылысы аяқталмай қалған нысан ойын алаңына айналды
Таразда құрылысы бес жылдан бері бітпеген көпқабатты баспана балалар ойнайтын қауіпті нысанға айналды. Қараусыз қалғандықтан қоршауы да жартылай жоқ. Салдарынан салынбаған үйдің ішінде сабылып ойнайтын бала көп. Ал ата-аналар ауладан ұзаған жеткіншектерді қақпайлап, қайтарып отыруға мәжбүр. Сондықтан сақалды құрылысты сүруді сұрап отыр. Данияр Әлімқұл тұрғындар талабын тыңдап қайтты.
Бала біткен осылай бітпеген баспананың қабырғасына өрмелеп, әр қабатына шығып ойнап жүр. Баспалдағы жоқ болса да жоғары жағына шығып, артынан түсе алмай жүргендері де бар.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Қараусыз нысан қауіпті алаңға айналды. Осылай қаңырап тұрғандықтан, балалар күнделікті жамырап кіріп кетеді. Тұрғындар көшедегі көрінген бала құрылысы аяқталмаған үйде аяқ талдырып, асыр салатынын айтады. Ал ішінде істіктей сойдақ, сүйір заттарға көз сүрінеді.
«Ұлы дала» деп аталатын шаһар шетіндегі шағын аудан салынғалы түрлі әлеуметтік проблемалар пайда болды. Коммуналдық жүйелердің істен шығуы жиіледі. Ал дәл осы баспана құрылысы бітпегендіктен көрші үйлерге көгілдір отынның келуі де кешіккен еді. Енді тұрғындар бас ауруға айналған нысанды бұзып, сүрілуін талап етіп отыр.
Назым Қожабекова, қала тұрғыны:
Бала-шаға ылғи кіріп кете береді. Құлап жатыр. Бір күні біреу мертігіп, жаман жағдай бола ма деп қорқамыз. Ылғи қарап жүремін. Аңдып жүріп, ойната алмаймыз. Енді осыны бітіріп, бір жақты қылмай ма?
Айгүл Бақытқызы, қала тұрғыны:
Ойнайтын жер таппағаннан кейін осы жерде ойнайды. Қазір бұларға осы жер ойын алаңы болды. Осы жерді сүріп тастап, оның орнына балаларға футбол алаңы, ойын алаңын, әр түрлі осы жерге ойнайтын жерлер салса деп ойлаймын.
Ал шаһар шенділері 2020 жылы басталған үй құрылысы үш жылда бітуі тиіс еді дейді. Алайда мердігер межелі мерзімінен кешіккендіктен іс сотқа өткен. Кәсіпкер 20% жұмысы үшін 311 млн теңге алып, тендерге қатысу құқынан шектелген. Ал былтыр қала әкімдігі қаңқасы ғана салынған үйдің қабырғасын қайта сараптамадан өткізіпті. Енді мұнда 5 қабатты, 80 пәтерлі баспана бой көтермек.
Дамир Жаманбаев, қала әкімінің орынбасары:
Сараптаманың қорытындысы алдағы 1,2 апта көлемінде аламыз. Құрылыс жұмысын шілде, тамыз айында бастауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда өзімізде бұл тұрғын үйдің өзінің бастапқы қаражатынан 420 млн-дай қаражаты бар. Сонымен құрылысты бастай береміз. Қалған артық ақшасын біз келесі жылы және биылғы жылдың соңында қосымша бөлетін боламыз. Бас-аяғы 1 млрд 200 млн теңге деп жобалап отырмыз.
Бітпеген үйдің бірден 1,2 млрд теңгеге шарықтап шығуына құрылыс заттарының қымбаттауы себеп. Сондай-ақ жаңа жобаға сай, 80 сотық аумаққа балалар алаңы салынатындықтан құрылыс құны қымбаттаған. Үй екі жылда ел игілігіне берілмек. Айта кетейік, аймақта жыл басынан бері осындай қараусыз құрылыс басына шығып, 13 бала өзіне қол жұмсаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы