Басты Жаңалықтар Балаға қатысты екі жағдай болды

Балаға қатысты екі жағдай болды

Ақтауда теңіз жағалауында балдыр басқан аумақта бала батпаққа батып кете жаздады. Абырой болғанда, оны дер кезінде құтқарушылар шығарып алды. Ал арада бір күн өтпей қала маңындағы ауылдардың бірінде ойын алаңында ойнап жүрген жеткіншек жазатайым жағдайда көз жұмды. Бұл оқиғалар балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін еске салады. Ал теңіз жағалауындағы батпақты аумақ неге тазартылмай жатыр?

Мұнайлы ауданы Атамекен ауылында аулалардың бірінде ойнап жүрген 12 жастағы жасөспірім қаза тапты. Алдын ала деректерге сәйкес, бала қолдан жасалған әткеншекте отырып, өміріне қауіпті жарақат алған. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Ал бұл кадрлар Ақтаудағы 4а шағын аудан жағалауында түсірілген. Бала теңіз жағасындағы балдыр мен лай аралас аумаққа беліне дейін батып кеткен. Абырой болғанда, оқиға орнында болған құтқарушылар жеткіншекті қауіпсіз жерге шығарып алды. Осыдан кейін тұрғындар жағалаудың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Мирас Қобдабаев, қала тұрғыны:

Осы жерге жиі келіп тұрамын, отбасыммен бірге келіп тұрамын. Катерлерге осы причалдарға катерлерге боламыз. Тұрғындарға жағдай жасаған дұрыс деп ойлаймын. Балдыр жағына келетін болсақ, ол табиғат, табиғатқа біз бұйрық бере алмаймыз. Сондықтан күнде осы жерді тазалап тұрғандары дұрыс.

Қала әкімдігінің мәліметінше, аталған жағалау 2021 жылдан бері сенімгерлік басқаруға берілген. Аумағы 1 гектар. Сондықтан жағажайдағы қауіпсіздікке, оны күтіп ұстауға сол мекеме жауапты. 

Нұрлыбек Ғұмаров, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Кешегі қолайсыз жағдай болғандықтан қазір тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күнделікті жүргізіледі. Жазғы маусым дейді. Ол жағдайлар қайталанбау үшін, енді алдын алу үшін қала әкімдігінің жеке бақылауында болады.

Қазір жағажайда абаттандыру және тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан тұрғындардың кіруіне уақытша шектеу қойылған. Ескерту белгілері тұр. Мамандардың айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуінен жағалау сызығы шамамен 20 метрге шегініп, таяз суда балдырлар көп жиналған.

Руслан Сүлейменов, жағажай менеджері:

Бұл аумақта су терең емес. Сондықтан жағалауға жиналған балдырлар кетпей, жиналып қалады. Сол себепті оларды тұрақты түрде тазалап отырамыз. Мұнда арнайы техника күн сайын жұмыс істейді. Қазір жағалауға таза теңіз құмы төселіп жатыр. Жоспар бойынша барлық жұмыстар келесі аптада аяқталады.

Абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жағалауға баруға мүмкіндік болады. Дегенмен мамандар балаларды қараусыз қалдырмауға және ескерту белгілеріне назар аударуға кеңес береді.


Бөлісу