Басты Жаңалықтар NASA Айда адам тұратын база салмақ

NASA Айда адам тұратын база салмақ

NASA Айда адам тұратын база салмақ. Жобаны мамандар 3 кезеңге бөліп отыр. Айға қоныстану қалай жүзеге асады? Америка Құрама Штаттарындағы меншікті тілшіміз Темірлан Нұржанұлы бейнематериалында.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Биыл сәуірде айды айналып өткен NASA-ның Артемида II миссиясы сәтті аяқталды. Астронавтар адамзат тарихындағы ең алыс қашықтыққа жетті. Енді ғарыш агенттігі бұдан да ауқымды мақсат қойып отыр. Вашингтонда таныстырылған жаңа жоба 2030 жылдарға қарай айда адам тұратын тұрақты база құруды көздейді.

Лори Глейз, NASА ғарыш игеру жүйелерін дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Айдағы база іске қосылған соң астронавтар ұзақмерзімді жұмыстарын істей алады. Жерден тыс ортада өмір сүру, инфрақұрылым дамыту және Марсқа ұшу үшін маңызды ғылыми тәжірибелер жүргізілмек.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Мамандар жобаны үш кезеңге бөліп отыр. Алдымен айдың оңтүстік полюсіне роботтар, дрондар және ғылыми аппараттар жіберіледі. Олар жер бедерін зерттейді. Кейін күн және ядролық энергия көздеріне негізделген инфрақұрылым салынып, астронавтардың қозғалысына арналған жүйелер іске қосылмақ. Ал үшінші кезеңде ғарышкерлер тұрақты ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Джаред Айзекмен, NASA әкімшісі:

Миссияның негізгі ғылыми жобасы – Lunar Vertex. Ол жұмбақ болып жүрген айдағы ерекше жарық аймақтарды зерттейді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Бастамаға күмәнмен қарайтындар да бар. Кейбір сарапшылар айға жеткізетін технологиялар дайын емес дейді. Алайда NASA-ның жоспары іске асса, бұл ғарыш саласындағы ең үлкен әрі батыл қадамдардың бірі болуы мүмкін.
Бөлісу