Басты Жаңалықтар 500 мың адамның қарызы кешіріледі

500 мың адамның қарызы кешіріледі

500 мың адамның қарызы кешіріледі. Ел тарихында тұңғыш рет әкімшілік рақымшылық жарияланбақ. Мәжіліс депутаттары бүгін осы мәселеге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстық құқықбұзушылықтарға да амнистия жасау көзделіп отыр. Ал бұл кеңшілікке кімдер ілігеді? Ернұр Медет баяндайды.

Әкімшілік рақымшылық – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы, тіпті ТМД елдері арасындағы тұңғыш тәжірибе. Заң күшіне енсе,  биыл 17 наурызға дейінгі төленбеген айыппұлдардың бір бөлігі автоматты түрде жойылады. Соның арқасында жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын, 500 мың адамның айыппұлы кешірілмек.

Санжар Әділов, Ішкі істер министрінің орынбасары:

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Алдын ала есеп бойынша 1 миллионнан астам айыппұл есептен шығарылады. Ол үшін ешқандай өтініш жазудың қажеті жоқ. Барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Азаматтарға айыппұл салынғаны туралы хабар SMS арқылы жолданады. Дәл солай айыппұлдың кешірілгені туралы да хабарлама жіберіледі.

Мемлекет осылайша жылдар бойы қордаланған берешектің салдарынан шоты бұғатталып, түрлі шектеуге тап болған азаматтарға жаңа мүмкіндік бермек. Депутаттардың сөзінше, бұл гуманистік бағытты ұстанған мемлекетттерге тән құбылыс.

Нұрсұлтан Байтілес, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мәселен, Италияда әкімшілік айыппұлдар мен қаржылық санкциялардан босату тетіктері қолданылған. АҚШ-тың кейбір штаттарында қарызды өз еркімен реттеген жағдайда қосымша айыппұлдар мен санкциялардан уақытша босату бағдарламалары іске қосылған. Осылайша, халықаралық тәжірибе әкімшілік рақымшылықтың мемлекет пен қоғам арасындағы құқықтық байланысты нығайтып, әкімшілік жүктемені азайтатын құрал екенін дәлелдеп отыр.

15 мыңнан аса сотталушыға рақымшылық жасалады

Жалпы еліміз еңсесін тіктегелі 11-рет жарияланып отырған рақымшылық акциясы бұл. Құжатқа сәйкес, құқықбұзушылық салдарынан ешкім зардап шекпесе немесе келтірілген шығын толық өтелсе, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды  жауапкершіліктен босату қарастырылған. Ал жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау, адам өлтіру және жыныстық зорлық-зомбылық секілді аса ауыр қылмысқа қатысы барлар амнистияға ілікпейді.

Абай Қайырбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары:

Алдын ала есептеулер бойынша биыл да 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылыққа жатады. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, 10 мыңы пробациялық бақылаудағы сотталғандар.

Түзеу мекемесіне адамдар түрлі жолмен аяқ басады. Темір тордың ар жағын көрген жандардың  қоғам үшін қаншалықты қауіпсіз екені көпті алаңдататыны рас. Алайда депутат Абзал Құспан рақымшылыққа іліккендердің қайта қылмыс жасау деңгейі төмен екенін алға тартты.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұдан бұрын да амнисиялар бойынша біз тиісті қорытынды жасайтын болсақ, онда амнисияға бір рет іліккен адамның қайтадан қылмыс жасау деңгейі өте төмен. Мысалы, былтыр 2025 жылы біз Қазақстан Республикасының конституциясының 30 жылдығына орай жасаған амнисиямызда қылмыстық істер бойынша сол амнисияға іліккен жалпы он бес мың адам болатын болса, сонын ішінде тек сегіз адам ғана қайтадан қылмыспен көзге түсті.

Рақымшылық – қателескенді ығыстыру емес, түзелгенді қоғам қатарына қайта қосу амалы. Кеңшілікке іліккендер жаза жеңілдегенмен, жауапкершілік жүгі ауырлай түсетінін сезінетіні анық. Осылайша, заң дейтін тәртіп таразысында бұл жолы әділет пен ізгілік тең түсіп отыр.


Бөлісу