Басты Жаңалықтар Бельгия университеттері Қазақстанда өкілдіктерін ашқысы келеді

Бельгия университеттері Қазақстанда өкілдіктерін ашқысы келеді

Бельгия университеттері Қазақстанда өз өкілдіктерін ашып, қазақстандық оқу орындарымен ынтымақты күшейтуге ниетті. Маңызды шикізат, сирек кездесетін металдарды өндіру технологиясымен бөлісіп, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға дайын. Еліміздің ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  Бельгия университеттерінің басшыларымен кездесіп, ғылыми зертханаларының жұмысымен танысты.

Екі ғасырдан астам тарихы бар Гент университеті Бельгиядағы ғана емес, әлемдегі үздік оқу орындарының бірі. Халықаралық беделі бар ғылыми зерттеу орталығында бүгінде 50 мыңнан астам студент пен ғалым білімін шыңдап, ғылыммен айналысуда. Мұнда қазақстандық математик ғалымдардың да қарасы көп. Министр Саясат Нұрбек оқу орнының ректорымен кездесуде бірлескен зерттеулер жүргізіп, ғылыми, техникалық серіктестікті күшейту жайын талқылады. Осы уақытқа дейін отандық бес оқу ордасымен ынтымақ орнатқан Гент университеті Қазақстанмен академиялық ұтқырлықты әрі қарай бекемдеуге бейім.

Петра Де Суттер, Гент университетінің ректоры, профессор:

Математика саласында бізде бұрыннан ынтымақтастық бар. Енді біз Қазақстанда математика институтымен «айна зертханасын» ашу мәселесін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қоймақпыз. Және студенттер алмасу бағдарламаларын қаржыландыру жайын талқыладық.

Левен католик университеті әлемдегі 100 үздік оқу орны рейтингінде 46-орында тұр. Еуропаның жетекші зерттеу орталықтарының бірі. Заманауи технологиямен жабдықталған зертханалары инновацияға тұнып тұр. Ғалымдар қазақстандық делегация өкілдеріне зерттеу процесін, зертхананың жұмысын таныстырды.

Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі:

Бізді қызықтыратын қазіргі таңда металлургия және гидрометаллургия саласы. Қазақстанда сирек металдар, ауыр металдар көп, оларды байыту, олардан мықты дайын өнімдер шығару әлі ,өкінішке қарай, ғылыми қолданбалы әлеуетіміз жоғары емес.

Ал мына зертханадағы ғалымдар сирек кездесетін металдарды тазартып,  өңдеп, оны жоғары технологиялық өнімге айналдырудың сырын біледі. Бізге керегі осы тәжірибені игеру. Қос тарап өкілдері Қазақстанда Левен университетінің өкілдігін ашып, ғылымды бірге ілгерілетуге құлшынып отыр. 

Питер Том Джонс, KU Leuven тұрақты металдар мен минералдар институтының директоры:

Қазақстанның АҚШ, Канада, Ұлыбритания және басқа да көптеген елдердің университеттерімен халықаралық байланысты дамыту қарқынына таңғалдым. Бельгия да осы процестің бір бөлігі болуы керек. Қазақстандық университеттермен, компаниялармен ресми ынтымақтастық орнатып, металл өндірісінен қосымша құн алу, маңызды металдарды бөлуде тәжірибе алмасуға асықпыз.

Сапар аясында министр Саясат Нұрбек Еуропадағы ең ірі imec микроэлектроника және нанотехнология орталығының басшылығымен кездесті. Тараптар Астана Хабымен іскерлікті арттырып, микроэлектроника, чип дизайны, жасанды интеллект саласында маман даярлауда ынтымақты күшейтуге уағдаласты.




Бөлісу