Басты Жаңалықтар Жазасын өтеп жатқан 15 мың адамға рақымшылық жасалады

Жазасын өтеп жатқан 15 мың адамға рақымшылық жасалады

Биыл 15 мың сотталған адам рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, рақымшылық барлық сотталғанды темір тордан толық босату дегенді білдірмейді. Бір бөлігі мерзімінен бұрын еркіндікке шықса, енді бірінің жаза мерзімі қысқартылады немесе жазасы жеңілдетіледі. Былтыр рақымшылық нәтижесінде 15 мыңға жуық адамға жеңілдік жасалып, оның 2300-ы түзеу мекемелерінен босатылған. Алайда босатылғандардың арасынан 8 адам қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты жаңа заң жобасында бұрын рақымшылық алып, кейін қайта қылмыс жасаған азаматтарға екінші мәрте рақымшылық қолдануға шектеу енгізілді.

Абай Қайырбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары:

Алдын ала есептеулер бойынша биыл да 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылыққа жатады. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, 10 мыңы пробациялық бақылаудағы сотталғандар.


Бөлісу